Робот миға операция жасады

Операция бөлмесінде ең ауыр оталардың бірі жасалып жатыр. Ерекшелігі, емдеу шарасын ақ халаттылардың орнына кәдімгі робот жүргізуде. Ал үстел үстінде жатқан науқастың паркинсонмен ауырғанына он жылдан астам уақыт болған.

Дәрі-дәрмекке бағынбаған дертіне ем таппаған тұрғынның миына, дәрігерлер жасанды интелекті бар робот арқылы ота жасауда. Мұндай ота Түркістан облысында алғаш рет қолға алынды. Дәрігерлер науқастың миына кіріп, робот арқылы ағзаның түпкі бөлігіне электроттар орнатып, кеуде тұсына кардио-стимулятор қойып береді.

Асқар Бахтияров, нейроорталық басшысы: «Біз бұрын паркинсон ауруында өзіміз өлшейтін болсақ мысалы үш кеңістіктегі сол мидың есебі бар еді. Оң, солын есептеп мысалы тереңдігін математикалық жолмен анықтап, олардың барлығы уақытты алатын. Оған бөлек навигация, оған бөлек жоспарлау станциясы бар. Сол бойынша жасалатын еді. Ал бүгінгі таңда роботта екі қондырғының қызметі үйлестірілген. Бұл жерде навигациясы да бар өзінде, жоспарлау станциясы да бар. Бізге осы мидың 3D модельін жасап, сол керек нүктемізге дөп түсуге жол көрсететін роботтын көмегі көп болып тұр».

Қытай елінен келген бұл робот 0,5 милиметр дәлдікпен түседі. Яғни, ағзаның ең терең, қол жетуі қиын тұстарын 100-пайыз анықтап, діттеген тұста емдеу шараларын жүргізеді. Дәрігерлердің айтуынша бұл уақытты үнемдеп, отаға дәлдік беріп, әрі қауіпсіз етеді. Одан бөлек мидың сау бөліктеріне зиян келтіруден аулақ боламыз дейді. Бұл әдіс Орта Азия елдерінде әзірше тек Қазақстанда қолданылуда. Сондықтан бүгінгі отаның барысын Өзбекстан елінен келген нейрохирургтар да бақылады. Олар ота тәсілін тәжірбие жүзінде іске асырып, өз елдерінде осы робот арқылы ота жасауды қолға алуды жоспарлап отыр.

Дилшод Ходжиметов, Өзбекстаннан келген маман: «Біз бүгін бұл роботтың мүмкіндіктерін, жұмысты қалай жүзеге асыратынын көзбен көру үшін Өзбекстаннан арнайы келдік. Өз елімізге оралған соң осы роботты алдыртуды жоспарлап отырмыз. Осы қондырғы арқылы қажет науқастарға ота жасасақ, көмегі көп болады деп ойлаймыз».

Паркинсон ауруы кезінде мидың нейрондары бұзылады және өледі. Аурудың негізгі белгілері: қолдың дірілдеуі, қозғалыстың бәсеңдеуі немесе қозғалыстың бөгеліп қалуы, ауырсыну, қозғалыс динамикасы және психиканың бұзылуы. Ауру ақыл-ес толығымен сақталып қалуымен мүгедектікке әкеледі. Статистикаға сүйенсек ер адамдар әйелдерге қарағанда бұл ауруға жиірек шалдығады екен.

Ботагөз Рүстемова, Дәрігер невролог: «Біздің облысымызда осы аурумен Д есепте тұратын науқастардың саны 700-ден астам. Ол науқастардың барлығы арнайы терапиясын қабылдайтын науқастар. Арнайы үкіметтен бөлінетін дәрі-дәрмектерді қабылдайтын науқастар болып табылады. Сол науқастардың ішінде біз осы дәрі-дәрмектерге емі көнбейтін, сонымен қатар дәрі-дәрмектердің керек көрсеткіштері пайда болып жатқан науқастарды осындай отаға дайындап осындай оталар жүргізу жоспарлануда».

Айта кетейік қытайлық робот еліміздің барлық өнірін аралап шығатын болады. Ал Түркістан облысында 2-аптаға кідіреді. Облыстық клиниканың дәрігерлері қазіргі таңда үш күрделі ота жасап үлгерген. Алдағы уақытта дәл осы роботты қажет ететін науқастарға ота жасауды жалғастыру жоспарланып отыр.