Қаламызда алдағы жылу беру маусымына дайындық қарқынды жүргізілуде.
Жауаптылардың мәліметі бойынша қазандықтар, магистралды, ішкі орамдық жүйелер, сорғыштар, жалпы жүйенің дайындығы 82 пайызды құрайды. Айта кететін жәйт, өзекті мәселе осы аптада үкімет отырысында да қаралды. Отырыс барысында берілген тапсырма: мектептер, балабақша мен медициналық мекемелер, тұрғын үйлер жылыту маусымына 1 қазанға дейін сақадай сай болуы тиіс.
Шымкентте алдағы жылыту маусымына дайындық қарқын алған. Иляев көшесінде тозығы жеткен құбырлар ауыстырылу барысында. «Қуатжылуорталық-3» МКК тиесілі жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 824-ке жуық шақырымды құрайды. Сала мамандары 2024 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаға сәйкес ескірген жүйелерді алмастыруға 16 миллионнан астам қаражат бөлінгенін айтады. Жылу беру маусымының басталуына бір айдан астам мерзім қалды. Шымкенттің дайындығы қандай?
Айдар Қалдыкөзов, «Қуатжылуорталық-3» МКК директорының орынбасары: «150 шақырым жылу жүйесі — магистралдық, қалған 673 шақырым — ішкі орамдық жылу жүйелері7 Бізде 26 қазандық бар. Олардың қажетін жөндедік. 17 сорғышты д дайындап жатырмыз. Әзірге дайындық 82 пайызды құрайды. 1 қазанға дейін 100 пайыз дайын боламыз».
Қалада жылумен жабдықтау жүйесіне 2 306 көпқабатты тұрғын үй, 287 бюджеттік мекеме, 248 заңды тұлға қосылған. Жылуберушілер «2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама» бойынша тозығы жеткен жүйелерді жаңалауға мүмкіндік бар дейді. Жалпы 5 жылға 81 миллионан астам қаражат жұмсау жоспарланған. Тұтынушыларды қызықтыратын мәселе «Тариф өседі ме, жоқ па?» .
Кенжеболат Көшекбаев, ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Қуатжылуорталығы1 жылуға тариф бойынша ұсыныс жасаған жоқ».
Естеріңізге сала кетейік, 2023-2024 жылдар аралығындағы жылу беру маусымында тариф жеке тұлғалар үшін 1 шаршы метріне 130,6 теңгеден есептелген.