Шымкентте ер адам үш айлық қызы мен жүкті әйелін аяуыз ұрып-соққан

36
әлеуметтік желі

Шымкентте жантүршігерлік оқиға орын алды. 53 жастағы еркек үш айлық қызы мен әйелін сабап тастаған. Бүгінде сәби жансақтау бөлімінде жатыр. Ана мен баланың жағдайы қалай?

Шымкентте 53 жастағы еркек 3 айлық қызы мен өзінен 30 жас кіші әйелін аяусыз ұрып-соққан. Бүгінгі таңда сәби балалар ауруханасында жансақтау бөлімінде жатыр. Ал 23 жастағы азаматшаның ішінде тағы 3 айлық баласы бар болып шықты. Дәрігерлер әйелге ми шайқалуы, ал бүлдіршінге бас миының жабық жарақаты деген диагноз қойған.

Бақытжан Абдуллаев, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Әйелде бас миының жабық жарақаты. Миының шайқалуы. Қосымша 12 апталық жүктілігі бар. Қазіргі таңда бала реанимацияда. Жалпы жағдайы орта ауырлықта. Орта дәрежеде. Қойылған диагноз — бас миының жабық жарақаты. Сонымен қатар денесінде көгерулердің болуы».

Бүгінде күдікті ер адам қамауға алынған. Оның үстінен «Адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтiру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі: «Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз. Күдікті тұлға қамауға алынды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізілуде»

Полиция қызметкерлері сараптама нәтижесі әлі шықпағанын айтты. Күдіктінің баласы мен жүкті әйелін қанша уақыт және қалай соққыға жыққаны белгісіз. Ал жәбірленуші әйел болған оқиғаны айтып беруден бас тартты.