Жастар мәселесі Төлебиде талқыланды

27
фото: ТО ӨКҚ

5 күнге созылған «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагері аяқталды. 400-ден аса адам қатысқан жиында келешек ұрпақтың саналы өмірі сөз болып, түрлі психологиялық тренингтер өтті.

5 күнге созылған «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагері өз мәресіне жетті. Еліміздің түпкір-түпкірінен келіп, Төлебидегі Нысанбек ауылына жиналған жастар өз ойларын ортаға салды. Соның бірі — Ұлжан Ибраимова. Белсенді ару экология тақырыбын қаузап, қатарластарын «Таза Қазақстанға» қатысуға шақырды.

«Таза Қазақстан» сөзінде ерекше мән жатыр. Ол ізгілік пен адалдық ұғымы. Демек, «Таза Қазақстан» дегенде жәй тазалық емес, отбасының бірлігі сезіледі. Оралдан Атырауға дейін қапшық толтырып, су тасқынының алдын алғанын бәріміз білеміз. Олар енді шіріп, су жануарларына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан соны тазалауды ұсынамын», «Жастар Рухы» ЖҚ белсендісі Ұлжан Ибраимова.

Жастар жиында сөз алып, келешек ұрпақтың білімді, дені сау болып қалыптасуы үшін өз ұсынысын жеткізген жандардың қарасы қалың. Олардың қатарында шымкенттік әзілкеш Қанат Тасқхан да бар. Бірнеше жобаны сәтті жүзеге асырған ол енді ауылдық жерлердегі талантты жастарды жарыққа шығару керектігін айтады.

«Бізден бөлек жастар бар. Бірақ оңтүстікте медиа ақсап тұр. Бірақ барлық жастар талантты. Камера сында құрылғылар, орталықтар жетпей жатады. Біздің мәселеміз кішкентай ғана. Сондай аппараттарды реттеп берсеңіздер», — дейді «Миллион» командасының мүшесі Қанат Тасхан.

Еліміздің әр өңірінен 420 делегат қатысқан кездесу алаңында белсенділер жаңа үрдістер жайлы сөз қозғады. Ал «AMANAT» партиясының төрағасы жастар өмірін жақсарту мақсатында бірқатар жұмыс атқарылғанын айтады. Атап айтқанда, қазір ойын құмарлыққа қарсы күрес жүріп жатыр.

«Борышкерлер мен алимент төлеушілердің бәс тігуіне тыйым салынатын болады. Осының бәрі құмар ойынды түп тамырымен алып тастауға әсер етеді деген ойдамын. Әрине бәрін жойып тастау мүмкін емес. Бірақ жастардың сау өмір қалыптасуына ықпалын тигізетін заңды біз қабылдадық. Мектеп оқушылары арасында да есірткімен жұмыс белең алып жатыр. Сондықтан онымен күрес қолға алынды. Қазіргі жағдай айтарлықтай әсер етпей жатыр, сондықтан қатаңдататын заңды біз мәжілісте қарап жатырмыз», — дейді «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.

Аптаға жуық уақытқа созылған лагерьде елімізге белгілі мамандар жастар рухы белсенділеріне арнап, тренингтер өткізді. Атап айтқанда, Сәнді Сұлтан «Сізді есту үшін қалай сөйлеу керек?» тақырыбында сөз алса, Айкерім Есенәлі «Сөзің өтімді болсын!» атты жеке тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар кәсіби психологтар жастар отбасылық қарым-қатынас, бала тәрбиесі, жалпы психология, қоғамдық стереотиптер туралы жантану ілімінің жаңа қырларын таныстырды.