Жаздың соңына дейін ашық аспан астында концерт өтеді

32
фото: Отырар.кз

«Шым қала кештері» концерттік іс-шарасы жаздың соңына дейін тұрақты түрде өтеді. Ашық аспан астында ұйымдастырылған кеш бір мезетте қаланың 5 жерінде өткізіліп жатыр. Онда мәдениет саласынының мамандары мегаполис тұрғындарын мен қонақтарына арнап, қызықты қойылымдар дайындаған.

Сазды әуен, оркестрдің жанға жағымды музыкасы Шымкент аспанын әсем әнімен тербеді. Қаланың 5 жерінде бір мезетте өткен «Шым қала кештері» концерттік іс-шарасы келушілердің көңілін шығу үшін қызықты қойылымын паш етті.

OPEN AIR форматындағы концерттер әр сенбі сайын қаланың түрлі саябақтары мен гүлзарында тұрақты түрде өткізіледі. Керемет кештің куәсі болған жандар серуендеп жүріп, керемет әсер алғандарын жеткізді.

«Әлеуметтік желі арқылы Орталық саябақта орындай керемет ән кеші өтеді деп естідім. Сондықтан демалыс күні таза ауада, музыка тыңдау үшін арнайы келдім. Жанды дауыста оркестр әндерін орындап жатыр. Өзіммен бірге немеремді де алып келдім. Себебі бүгін қалада атмосфера өте керемет. Жаздың соңғы айы өтуде, мұндай сәтте көңілді көтеретін осындай концерттің болғаны қуантады. Әсіресе кешке өткені тіпті жақсы болған. Себебі күндіз бәрі жұмыста жүреді. Ал кешкісін келіп, осында демалады», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Дана Рашидқызы.

«Әкімдіктің инстаграмдағы парақшасынан осындай кеш өтеді деген хабарландыруды көріп, қуанып қалдым. Себебі қаламыз осындай мәдени, әдемі шараларды өткізе бастады. Бұл үлкендердің ғана емес, балалардың да дамуына әсер етеді. Жаңа Кең-баба саябағынан келе жатырмыз. Ол жақтағы концерттің басжағын тамашаладық. Ол жақта қуыршақ театры қойылым қойып жатыр. Сондықтан ән тыңдау үшін осында келдік», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Мария Пестова. 

1 жарым сағат ішінде өнерпаздар қала тұрғындары мен қонақтарына арнап жанды дауыста ән шырқады. Мамандар саябақта серуендеуге келген халыққа жағымды эмоция, көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін эксперимент жасап жатқандарын жеткізді.

«Әр әннен кейін, цирк номерлерімен байланыстырып, сахнаға шығарып жатырмыз. Ол халыққа ұнап жатыр. Оған дәлел өткен аптаданы Шымсити аймағындағы концерт. Әр шараға жеке дайындаламыз. Ол үшін режиссеріміз бар. Мамандарымыз бар белгілі. Бәрі дайын», —  дейді Шымкент-циркінің директор орынбасары Сұлтанхан Аманов.

Жаздың жайма шуақ мерзімі шымкенттіктердің есінде ерекше сақталуы үшін мұндай кештер тамыз айының соңына дейін жалғасады. Мәдениет қызметкерлерінің сөзінше халықты жалықтырмас үшін әр концертке жеке сценарий құрылған. Айта кетейік, концерт Дендросаябақта, «Шымсити», «Кең баба», Орталық саябақ пен «Көл» демалыс аймағында ұйымдастырылды.