АЭС — тұрақты энергия көзіне айналуы мүмкін

19
Фото: annahar.com

Жыл өткен сайын электр энергиясына тапшылық сезіліп келеді. Ал ғалымдар тығырықтан шығу жолын, яғни баламалы энергия көздерін қолдануды ұсынады.

Бірақ бұл бүкіл әлемді қамтуға қауқарлы қуат көзі емес. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында Атом электр станциясын салу туралы ұсыныс айтты. Ал оның салыну немесе салынбауын ел таңдауына қалдырды.

«Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын», — деген еді ел Президенті.

Иә, 6 қазанда Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты референдум өтеді. Онда тұрғындарға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал қойылады. Науқан нәтижесімен еліміздегі ауқымды нысан құрылысына қатысты шешім қабылданбақ.

Атом электр станциясының құрылысы Қазақстан экономикасына мультипликативтік әсер етеді. Бұл елге қауіпсіздігі жоғары жаңа ядролық технологиялар келеді деген сөз, дейді Ядролық физика институтының ғалымдары. АЭС салынса, 10 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Ал әлемдік тәжірибеге сәйкес жұмысшылардың кем дегенде жартысы жергілікті тұрғындар болады. Ғалымдар атом электр станцияларының ауа райына тәуелді емес тұрақты энергиямен қамтамасыз ететінін де атап өтті. Ядролық физика институтының жетекші сарапшысы Данияр Жансейітов атом электр станциялары ауаға зиянды қалдық шығармайтынын айтады.

«Атом электр станциясы жылына 365 күн тәулік бойы жұмыс істейтін станция. Күн немесе желден энергия жинайтын станциялар күніне небәрі 6-8 сағат жұмыс істейтінін ескеруіміз керек. Екінші айырмашылық — станцияның қызмет ету мерзімі. Атом электр станциялары, кем дегенде 60 жыл үздіксіз қосулы болады. Ал оның қызмет ету мерзімін 80 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік бар», — дейді ғалым Данияр Жансейітов.

Айта кетерлігі, АЭС құрылысы 10 жылға созылуы мүмкін. Ал оған дейін қазіргі жұмыс істеп тұрған генераторларды үздіксіз жаңарту жұмысы қажет болады. Егер құрылыс жұмысы сәтті аяқталса, энергия көзін шетелге экспорттауға да мүмкіндік бар. Қазір әлемнің 50-ге жуық елі осы АЭС қызметіне жүгініп отыр.