Биыл 27 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды

26
Отырар.кз

1 қыркүйек – Білім күніне орай барлық білім нысанында салтанатты жиын өтіп, алғашқы қоңырау соғылды. Бұл күні мектептерде бірінші сынып оқушылары өлең шумақтарын оқып, осы арқылы ізгі тілектерін білдірді. Ал Шымкентте 27 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа қадам басты. 

Балаларға мейірімін төгіп, жылы сөздерімен еркелетіп сабақ үйретіп жатқан Айжан Торбаеваға қарап, бүлдіршіндерді бұрыннан таниды дерсің. Бірақ оқушылар мен олардың алғашқы ұстазы алғаш рет кездесіп отыр. 1 «в» сыныбының жетекшісі балаларға тек жылы сөйлеп, мейірімділік танытқанда ғана, олардың талантын танып, білімге құштарлығын арттыруға болады дейді.

Айжан Торбаева, сынып жетекші: «Балалармен балаша сөйлесіп, балаша күліп, балаша қуансаң, бұлардың тілін табу өте оңай. Жылы сөйлесең өзіңе қарай тартылады. Анасындай еркелеп тұрады».

Шымкенттегі білім ордаларында кітап қоры жеткілікті, тапшылық жоқ. Бұл туралы басқарма басшысы мәлімдеді. Оқушыларға бір мезгіл ыстық тамақ беру биылғы оқу жылында да жалғасын табады деді ол. Ал биыл «Мектепке жол» акциясы аясында 56 мыңнан астам балаға 2,4 млрд. теңгеге көмек көрсетілген.

Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Бізде биыл 56173 балаға 2,4 млрд. теңге қаржы қаралған болатын. Одан бөлек «Шымкент қайырымды қала» қорымен 200 балаға қолдау көрсетілді. Одан бөлек, банктер демеушілік көрсетіп тағы да 200-300 балаға көмек көрсетті. Одан бөлек республикадан үнемделген қаражат есебінен тағы да қарап жатырмыз. Өйткені бізде мемлекеттік мектептерде ғана көрсетіледі. Жекеменшік мектептерден мемлекеттік мектептерге ауысқан бала саны көп болды да тағы да қосымша қаражат қарастырып жатырмыз».

Басқарма басшысының сөзінше, барлық мектепте бейнебақылау камерасы бар, дабыл батырмалары орнатылып, бала қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, күзет қызметтерінің ақысы қымбаттады деген бас педагог талаптың күшейгенін жеткізді.