Мәжілісмен Шымкент пен Түркістан арасында жүрдек пойызды іске қосуды ұсынды

10

Түркістан мен Шымкентті байланыстыратын жоғары жылдамдықты жолаушылар пойызы қажет.

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков AMANAT партиясының фракциясының атынан осындай бастама көтеріп, Үкіметке сауал жолдады. Бұған себеп — жол апатының көбеюі. Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері автобанда 64 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 89 зардап шегіп, 21 адам көз жұмған.

Ұласбек Сәдібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Шымкент пен Түркістан арасындағы жолдың тоз-тозы шыққан. Жол бойындағы қызмет те ақсап тұр. Жүргізушілерге де лайықты жағдай жасалмаған. Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ақылы жолындағы жағдайлар жүргізушілер мен жергілікті тұрғындарды қатты алаңдатып отырғанына куә болдым. Себебі жол апаты көбейіп, соның салдарынан қайтыс болушылардың қатары артқан».

Түркістан облысы аумағындағы Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізінің ұзындығы 417 шақырым. Ақылы жол жоғары сапа мен қауіпсіздік стандарттарына сай келмейді дейді Мәжіліс депутаты. Көп жағдайда апаттарға жолға шығып кететін жануарлар себеп болады.

Депутат бұл жолдағы жолаушылардың қауіпсіздік шараларын күшейтуді, жол учаскелері жөнделіп, талаптарға сай болғанша ақылы жолдың құнын төмендетуді және Түркістан мен Шымкентті жалғайтын жоғары жылдамдықты жолаушылар пойызы қатынасын ұйымдастыр қажеттігін ұсынды. Бұл сондай-ақ рухани астана мен республикалық маңызы бар қала арасында қатынап жұмыс істейтін шенеуніктер мен туристер үшін ыңғайлы болар еді дейді ол.

«Түркістан қаласына кіре беріс жерде вокзал салды уақытысында, сол вокзал іске аспай қалды негізі, қалып кетті сол бойы, бірақ электрлі пойыз салған дұрыс деп ойлаймын», — дейді қала тұрғыны.

Енді бірі «Түркістан қаласы дамып келе жатыр ғой, Шымкент үшінші мегаполис болғаннан кейін, әрине ортасында электрлі пойыз жүргенін қолдаймын», — деген пікірде.

«Электрмен жүретін пойыз жақсы, өте жақсы. Онда қауіпсіз , жолда мысалы қанша апат болып жатыр». Ал электрлі пойызбен қауіпсіздік жақсы», — деген ойымен бөлісті Шымкент тұрғыны.