Биыл Түркістанда 106 мың гектар жерге мақта егілді. Алдын ала болжам бойынша алқаптан 300 мың тонна мақта жинау жоспарда бар. Ал тауар өндірушілерді минералды тыңайтқышпен қамтамасыз ету үшін 7 млрд. теңге бөлінген.
Күнгей өңірде 106,4 мың гектар алқапқа мақта егілді. Алдын ала болжам бойынша 300 мың тонна өнім жинау жоспарда бар. Оның 2 жарым гектары заманауи технологиямен өсіріліп жатыр. Жаңа су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді.
Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Дейтұрғанмен облыс әкімі әдістерді енгізу жұмыстарын күшейту керектігін айтты.
«Мақта өсірілетін аудан әкімдері жиын-терім науқанына қолдау көрсетіп, шаруалармен тығыз байланыста жұмыс істеулері тиіс. Мақта шаруашылығына тамшылатып суғару технологиясын кеңінен енгізіңіздер. Бұл бағытта жұмыс әлі де төмен деңгейде. Жаңа тәсілдерді қолданып, мақтаның өнімділігін арттырып, сапасын жақсарту аса маңызды. Сонда ғана шаруалардың жағдайы жақсарып, мақта кластері дамиды», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады деп күтілуде. Жаңа технологиялық әдіс арқылы дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп, жетіледі. Тамшылатып суарудың нәтижесінде қоза көсегі түгелдей ашылып, өнім көрсеткіші кемінде 2 есе артады. Жаңа инновациялық тәсілдің тиімділігіне көзі жеткен диқандар осы әдіске өтпекші.