Ойын алаңдарын қымбатқа бағалап, бюджет қаражатын жымқырған шенеунік сотталды

24
Фото: Отырар.кз

Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының экс-басшысы 8 жылға сотталды. Оған 4 жыл бойы тұрғын үй аулаларына бөлінген қаражатты ысырап етті деген айып тағылған. Бұл айып сотта дәлелін тауып, 3 азаматқа бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды.

4 жыл бойы тұрғын үй аулаларын абаттандыруға бөлінген қаражатты ысырап етті деген айыппен Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының экс-басшысы сотталды. Ол 2019 жылдан бастап 150 блоктан тұратын нысанның материалдық құнын асыра көрсетіп 700 млн. теңгені жымқырған көрінеді. Оның кінәсі дәлелденіп 8 жылға сотталды.

«Өз қызметтік жағдайын пайдаланып, алдын-ала сөз байласу арқылы тұрғын үй аулаларында абаттандыруға арналған смета құжаттарын материалдардың құнын асыра отырып әзірлеу арқылы шамамен 700 млн. теңге көлемінде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырған. Ол сотта анықталған. Балалар алаңының құнын асырып көрсеткен. Өз бағасынан қымбаттау жасатқызған. Оған сараптама жасалды. Сараптама қорытындысы бар. Артық көрсеткен сомманы өздері алып жаратқан», — дейді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сәбит Төреханов.

Бұл іс-әрекет 2022 жылға дейін жалғасқан. Құжат бойынша қымбатқа абаттандырылған үй ауласының бірқатары Республика даңғылында орналасқан. Мұнда қазір алаңқайлар ескіре бастаған. Тіпті тұрғындар 1 жылдың ішінде қирап қалды дейді.

«1 жыл тұрды да бәрі сынды, бәрі. Қазір ойын алаңы жоқ. Балалар ойнайтын жер жоқ. Себебі мұнда 4 үйге 1-ақ ойын алаңы бар. Сонлықтан ойын алаңы жетпейді. Мен әкімдікке барғанмын, айтқанмын. «Жарайды-жарайды» — дейді болды. Келмейді. Көрмейді. Істемейді. Басқа жақтағы үйлердің ойын алаңшасы жақсы. Ал біздіңкі неге мынадай жаман?», — дейді №21 үй төрайымы Лариса Гильтман.

Сотты болғандар қалтаға басқан қаражатты жасырып, салық төлеуден де жалтармақ болған. Сондықтан жалған құжат та жасатқан көрінеді. Сол себепті де мердігер компанияның директоры мен құрылтайшысы да жазаланды.

«Қасында болған адамдар ақшаны декларацияда дұрыс көрсетпей, салық төлеуден бас тартып, 194 млн. теңге бюджетке зиян келтірген. Яғни, салық төлемеген. Үшінші тұлға жалған құжаттар жасаған. Соның бәрі сотта дәлелденіп, әрқайсысына 8 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — дейді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сәбит Төреханов.

Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы өмір бойына мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айрылды. Дегенмен айыпталушылар өз кінәсін толық мойындамаған. Ал сот үкімі күшіне енген жоқ.