Қаңғыбас иттерден зардап шеккендер саны көбейген

24

Соңғы кезде қаңғыбас иттерден зардап шеккендер саны көбейген. Жыл басынан бері бұралқы иттердің оқушыларға шабуылдауы бойынша мыңға жуық жағдайы тіркеліпті. Оқу жылының басталуымен жағдай ушыға түскен. Енді ата-аналар балалары үшін алаңдаулы.

Қазақ үшін жеті қазынаның бірі саналатын ит атаулының бүгінде қадірі кетіп, құты қашқан ба дерсің… Себебі, үйсіз-күйсіз, көше кезген төрт аяқты көп. Қаңғыбас иттерден жұрт үрейленіп жүргенін жасырмайды. Әсіресе, ата-аналар мектепке баратын балалары үшін алаңдаулы.

«Нұрсәтте қоқыс жәшігінің жанында үнемі жабайы иттер жүреді. Балаларға алаңдап отырамыз. Өткенде көршімнің баласын ит тістеп алды»

Жыл басынан бері бұралқы иттерден зардап шеккендер қатары көбейіп кеткен. Мұны дәрігерлер растап отыр. Соңғы кезде күніне 15-20 науқас осындай шағыммен ауруханаға түсетін көрінеді. Ал олардың басым бөлігі — балалар.

Мұхан Өтекеев, №2 қалалық аурухананың бөлімше меңгерушісі: «Қаңғыбас иттерден зардап шеккендердің саны 16% — ға өскен. Балалар арасында зардап шеккендердің саны артып жатыр. Аяқ-қолын, бетін ит тістеп тастаған балалар көп келеді»

Ал, ветеринарлар соңғы кезде қаңғыбас иттерді аулау қиындап кетті дейді. Олар ұйықтататын препараттардан пайда болмай, бұралқы иттерден айырылып қалып жатқандарын айтады.

Ерлан Аденов, Шымкент қаласы ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
«Биыл 18 мың қаңғыбас ит пен мысық ұсталды. Олардың 2 мыңын зооволонтерлер алып кетті. Біз олардың кейінгі тағдырын білмейміз»

Биыл қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға бюджеттен 98 млн. теңге бөлінген. Қомақты қаражат қаралып отырса да, мегаполисте тек 4 бригада жұмыс істейді екен. Мамандар Үй жануарларына жауапкершілікпен қарауға, оларды көшеде қараусыз тастамауға шақырады.