Шымкентте бірнеше елдің арасын жалғайтын жол құрылысы аяқталуға жақын

32
Отырар.кз

Шымкенттегі жолдардың құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда тек қала ішінде ғана емес, магистральді жолдар да салынып жатыр. Қаланың барлық аумағынан салынған айналма жолдар арқылы мегаполис ішіндегі жол қозғалысы едәуір жеңілдемек. Бүгінде бірнеше елді байланыстыратын А2 ірі трассасының құрылысы аяқталуда.

Бұл жол бірнеше мемлекетті байланыстырады. Бір жағы Өзбекстанға, екінші жағы Қырғызстанға бағытталған. Мұнда құрылыс сапасына баса назар аударылған. Өйткені бұл жолмен тек жеңіл автомобильдер ғана емес, ауыр жүк көліктері де өтеді. Қазір құрылыстың соңғы кезеңі жүріп жатыр, жыл соңына қарай екі бағытта да қозғалыс ашылады.

Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Аталған жолдың маңыздылығы – бұл жол қалалық емес, республикалық маңызы бар деп айтсақ болады. Өйткені аталған жолмен Ташкент-Алматы-Түркістан бағытындағы көлік қатынасы қамтамасыз етіледі. Яғни барлық оңтүстік өңірлерінен баратын көліктер дәл осы жолмен жүреді. Өйткені қазіргі таңда Шымкенттің сыртқы айналма жолының құрылысы 2028 жылғы жоспарлануына байланысты осы жол пайдаланылды».

Бұл көлік құралы күніне 10 шақырым жүріп өтеді. Оның жүргізушісі Жолдықара Бақберген жол сапасы мықты болуы үшін оны дұрыс нығыздау керек екенін айтады. Сөзінше, халықаралық маңызы бар жол әйнек секілді тегіс және болат сияқты берік болуы керек.

Жолдықара Бақберген, жүргізуші: «Бұл жерді таптайды, нығыздайды. Күнделікті жұмыстың барысына қарай 10-15 км жүріп, жұмыс жасаймыз. Оның маңыздылығы – жол бермес үшін, жолдар көтеріліп кетпес үшін тығыздығын шығарады».

Шымкенттегі жол мәселесі толықтай шешімін табуға аз қалды. Енді көршілес Ташкент немесе Бішкекке жүк тасымалдайтындар Шымкентке кірмей-ақ, айналма жолмен қысқа әрі жылдам өтуіне болады. Сондай-ақ, бүгінде 3300 шақырым қала жолының 2312-сі тиісті жағдайға келтірілген, қалған 800-і жыл соңына дейін жөндеуден өтеді.