Шымкентте керамикалық плита шығаратын ірі зауытиың бірінші кезеңі іске қосылды. Мұнда жылына 12 млн шаршы метр өнім шығарылады. Бұл алғашқы көрсеткіш қана, ал келер жылы бұл көрсеткіш еселенбек.
Бүгін Шымкентте керамогранит шығаратын ірі зауыттың алғашқы кезеңі іске қосылды. Жаңа нысанға қытайлық кәсіпкер 25 млрд теңгеден астам қаражатын құйған. Толықтай инвесторлық жоба салу туралы келісімге жергілікті әкімдік былтыр қол жеткізіп, құрылыс та сол жылы басталған. Ашылу салтанатына арнайы келген құрылтайшы зауытты елімізде ашу туралы ұсынысқа бірден қызығушылық танытқанын айтады.
«Біздің ТМД елдері ішінде жобаларымыз өте көп. Сондықтан болар бізді осында шақырды. Біздің өндіріс күніне 35 мың шыршы метр өнім шығарамыз. Плиталардың көбі Ресейге экспортталады. Бізге әкімдік көп көмектесті. Сол себепті құрылысты тез бітіре алдық. Бізге жердің салығы, құрылыс кезіндегі салықтарға жеңілдік жасап берді. Сонымен қатар су, жарық сынды инфрақұрылым желілерін тез арада жеткізіп бергеніне әкімдікке алғысымды айтамын», — дейді «WAN SHENG CERAMIC» ЖШС құрылтайшысы Ху Цзяньго.
Ауқымды зауыт құрылысы 2 кезеңнен тұрады. Оның біріншісінде инвестор 13 млрд теңге құйған. Нәтижесінде экспорттық керамогранит өндіретін желі құрылып, 350 адам жұмыспен қамтылды. Жоба жетекшілерінің сөзінше, бұл Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың біріне айналады. Ал қала басшысы алда тағы да ірі бастамалар қолға алынатынын атап өтті.
«Қаламыздың өркендеуіне өзінің үлесін қосып жүрген жобаның ашылуымен құттықтаймын. Қытай тарапымен тағы да жұмыстар жалғасады. Жақында Сиянь қаласына іс сапармен барып қайтқан болатынбыз. Бұл өндірістен бөлек Қытай тарапынан инвестиция құюымен қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылады. Басқа да елдерден инвесторлар келеді. Тағы да қаламыздың өркендеуіне үлес қосып жатқан достарымызға алғысымызды айтамыз», — дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Зауыт жылына 12 млн шаршы метр кермикалық плита өндіруге қауқарлы. Ал келесі жылы өндіріс аймағы тағы кеңейеді. Осылайша отандық өнімді ТМД елдеріне экспорттау жоспарда бар.
32 гектар аумақты алып жатқан өндіріс орнының әзірге 1 желісі іске қосылған. Мұнда экспортталатын алғашқы керамикалық өнім шығарылып жатыр.
Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру отандық нарық сұранысының үштен бірін қамтуға мүмкіндік береді. Жоспар бойынша кәсіпорын келешекте ішкі нарықты керамикалық плиталармен толық қамтамасыз етпек.
«Бұл 2023 жылы наурыз айында құрылысы басталған. Құрылыс жұмысы қысқа уақытта бітті. Жылына 12,7 млн. шаршы метрге керамика плиткасын шығарады. Барлық шикізат осы Қазақстаннан алынады. Бұл жоба экспортқа бағдарланған. Таза инвестор десек болады. Біздің елдегі 2 деңгейлі банктерден ешқандай несие алған жоқ. Өздерімен ақшаны алып келген. Қысқа мерзімде ашып отыр. Бізге тиімдісі жаңа жұмыс орындары ашылады және салық түседі», — дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев.
Өндіріс орны «Жұлдыз» индустриалды аймағында орналасқан. Мұнда бұған дейін 306 гектар аумақта 40 жоба жүзеге асқан. Ал алдағы уақытта құрылыс заттарын шығаратын тағы 2 зауытты іске қосу көзделіп отыр. Айта кетейік, жыл басынан бері қаламызға 402 млрд теңге инвестиция тартылған.