Түркістан облысында су үнемдеу технологиясын шығаратын кәсіпорындар желісі салынды. «Тұран су» мекемесіне бөліп төлеу негізінде 85 арнайы техника сатып алынды. Облыс әкімдігінің қолдауымен жұмысын жаңаша бағытта жүйелеген «Тұран су» мекемесі бүгінде көптеген табысқа жетіп жатыр. Мекеме ұжымының атқарған жұмысы мен алдағы жоспары талқыланған жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды су үнемдеу технологияларын енгізу, аймақтағы су нысандарын жөндеу жұмыстарын күшейте түсуді тапсырды.
Биыл Түркістан облысында егістікке 817,4 млн. текше метр жоспарлы ағын су лимиті бекітіліп, 632,7 млн. текше метр су көлемі босатылған. Экологиялық қажеттілікке 272,8 млн. текше метр су босатылып, жоспар 2,1 есе артығымен орындалды. Кәсіпорынның меншігіндегі «Түркістан» және «Арыс» магистралды және ішкі шаруааралық каналдарына 82,7 шақырым механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Су үнемдеу технологиясын шығаратын кәсіпорындар желісі салынды. Қондырғылар орнатылды. Жоба жуырда толық іске қосылады.
Досхан Лесов, «Тұран су» МКК басшысы: «Тұран су» мекемесінің меншігінде 18 су қоймасы, 3 су торабы 3 магистралді канал, 103 шаруаралық канал бар. Жалпы қазіргі су қоймаларының жағдайы тұрақты деңгейде. Суармалы егістікке 2024 жылы 817,4 млн жоспарлы лимит бекітіліп, бүгінгі таңда босатылған су көлемі 632,7 млн. текше метрді құрады».
Қазіргі таңда «Тұран су» мекемесінің I категориялы лицензиясы, 3 өндірістік техникалық базасы, 85 арнайы техникасы бар. Жалпы арнайы техника бөліп төлеу негізінде сатып алынды. Оның ішінде 41 экскаватор және 3 бульдозер, 2 жылжымалы вагон және өзге де техникалар бар. Аудан, қалалар аумағындағы каналдар мен арықтарды тазалау және де қажетті жұмыстарды атқару мақсатында 14 экскаватор 8 аудан, қала әкімдіктеріне сатып алу тәртібімен жалға берілді.
2024 жылы Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Сайрам аудандарындағы 9 су нысанының 96 шақырымын күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда 58 шақырымы жөнделді. Нәтижесінде 15 391 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.