Түркістанда оқушылар арасындағы құқық бұзушылық азайған

30
фото: ТО ПД

Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар саны азайып келеді. Ол үшін арнайы психологиялық тренингтер өркізіліп жатқан көрінеді. Бұл жайында өңірлік білім саласынының мамандары ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында мәлімдеді. Одан бөлек жиын барысында жол көлік оқиғалары жайында да сөз қозғалды.

Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған қылмыстар саны 5,6 пайызға төмендеді. Бұл туралы мамандар құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық былтыр 89 болса, биыл ол көрсеткіш 84-ке түскен. Мамандар қазір олармен психологиялық жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Биыл облыста психологиялық қолдау орталығы ашылды. Және де біртұтас тәрбие бағдармаласына сәйкес жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мектеп ішінде және полиция есебінде тұрған 1024 бала бар. Оларды жазғы сауықтыру лагерімен қамтыдық. Машат шатқалындағы лагерьде 250 баладан бөліп, 10 күн демалдырдық. Онда психологиялық тренингтер өтті. Сонымен қатар ана-аналарымен де байланыс орнаттық. Тәртібі нашар балаларды қосымша секцияларға тіркеп, спортпен айналысуға тартып жатырмыз», — дейді Түркістан облыстық білім басқармасы басқармасы басшысының м.а. Жандос Маханбетов.

Жиын барысында өңірде жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны 19,2 пайызға төмендегені айтылды. Дегенмен, жол апатына қатысты фактілер жиілеген. Сондықтан жол бойына қосымша жасанды жол кедергілі мен арнайы құрал қойылуда.

«1300 жаяу жүргіншілер жолағы жаңарттық. Мектеп басталғанша жаңартыңдар деген тапсырма айтып едіңіз. Оның бәрін істедік. 4699 шақырымнан астам жол сызығы жаңартылды. 89 орынға жасанды жол кедергісі қойылды. Сонымен қатар Дархан Амангелдіұлы қазір 800 метрге диодты жарықтар қоюды бастадық. Жарық аз жерлерге жолды бөліп тұратын сызыққа диодты катафот қойып жатырмыз», — дейді Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев.

Жыл басынан бері 107 мың жол ережелерін бұзу ережесі анықталған. Оның ішінде 290-ы арнайы дронның көмегімен белгілі болды. мамандар сөзінше жол көлік оқиғасының көбі үлкен жолда орын алған.

«Жолдардағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында полиция департаменті мемлекеттік органдарымен және ұйымдармен бірлесіп кешенді шаралар қабылдауда. Аталған жол оқиғаларының басты себептерінің бірі — жылдамдықты асыру, рөлде ұйықтап кету, сондай-ақ жол жүру қағидаларын сақтамау. Жол оқиғаларының негізгі бөлігі жергілікті маңызды жолдарда көптен орын», -дейді Түркістан облысының полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев.

Айта кетейік, жол қауіпсіздігін сақтау және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтау мақсатында полиция қызметкерлері «Автоураган», «Кибер-Шериф», «Кордон-Про» сынды автоматты жүйелерді пайдаланатынын жеткізді.