Түркістаннан Тәжікстанға ет экспорттала басталды

10
Фото: Отырар.кз

Түркістан облысында алғаш рет Тәжікстанға ет экспортталды. 110 тонна ірі қара мал етіне келісімшартқа отырған жергілікті кәсіпкер бүгін бірінші өнімін жөнелтті.

Сайрам ауданынан алғаш рет Тәжікстанға 17 тонна ет экспортталды. Бұған дейін Иран, Ресей мен Өзбекстан нарығына шыққан жергілікті өнім, енді тәжік жұртшылығына жеткізіледі. 14 жылдан бері осы салада жүрген «Қайып-ата» ЖШС-тігі әрбір бастан орта есеппен 250 келі өнім алатынын айтады.

«Құдайдың қалауымен бірінші рет Тәжікстанға ет жіберіп жатырмыз. 15 мың бас мал бордақылайтын жайымыз бар. Арыс қаласынан тағы 50 мың басқа арнайы орын жасап жатырмыз. Бізде тек жоғары сапалы ет шығады. Толық тексерістен өткен мал ғана союға жіберіледі. Бізде өсірілетін мал түрі — ақ бас сиыр», — дейді «Қайып-ата» ЖШС-нің директоры Нұрбек Қайыпов. 

Өңір ет экспорты бойынша жетекші орында тұр. Атап айтқанда, ірі қара мал етінің 80%-ы, қой етінің 75%-ы облыстың еншісінде. Ал алғашқы 7 айдың өзінде 6,9 мың тонна сиыр мен 4,7 мың тонна қой еті шетел нарығына шығарылды. Мамандар енді ішек-қарындарды өңдеп, Қытайға тасымалдау жоспарда бар екенін жеткізді.

«Бірінші болып, ірі көлемде Тәжікстанмен келісімшартқа қол қойылды. Келісімшарт 1 жылға 110 тонна ет өткізу бойынша жасалды. Егер одан да көп көлем сұраса, экспортқа шығаруға дайынбыз. Түркістан облысына Қытайдың инвесторлары келіп жатыр. Олар негізі субөнімдерге қызығушылық танытып отыр. Олар ішкі қалдық өнімдері. Ішінде ішек-қарындар бар, аяқ, сирақ бар. Қазір регистрге министрлікке ұсыныс тастап жатырмыз. Келіссе, біз Қытай еліне экспорттауға дайынбыз», — дейді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшы орынбасары Ербұлан Жәнібеков.

Айта кетейік, жыл басынан бері 112,8 мың тонна ет, 280 мың тонна сүт, 144 млн дана жұмыртқа өндірілді. Ал келер жылы «1500 басқа ірі қара малды сою және өңдеу» және «Мал сату биржасы» жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр.