73 жастағы науқасқа күрделі ота жасалды

34

Шымкенттегі № 2 қалалық ауруханада жоғары білікті нейрохирург Еркін Медетовтің жетекшілігімен 73 жастағы әйелдің миындағы үлкен ісігін алып тастау үшін күрделі ота жасалды. Операцияның қалай өтті? Науқастың жағдайы қалай?

Операция үстелінде жатқан бұл 73 жастағы әйелді үш жыл бойы бас ауруы, есте сақтау және когнитивті қабілеттерінің төмендеуі мазалаған. Оның мұндай тән азабының себебі – ми ісігі. Сонымен қатар, зейнеткерге омыртқааралық дикс жарығын алып тастау және омыртқаны бекіту оталары да жасалады. Күрделі хирургиялық операцияларды жоғары білікті нейрохирург Еркін Медетов жүргізеді.

Еркін Медетов, нейрохирург: «Қазір біз хирургиялық микроскоптың көмегі арқылы ісіктің өзін микрохирургиялық жолмен алып тастаймыз. Мұнда тамырлар өте көп, біз оларды толығымен ұқыпты түрде реттеуіміз керек. Ісік адамның ойлауы мен сөйлеу орталықтарына жауап беретін функционалды маңызды аймақта орналасқан, сондықтан біз операциядан кейін пациент жағдайы тұрақты болуы үшін мидың сау бөлігін мүмкіндігінше айналып өтуге тырысамыз».

№2 қалалық ауруханада жоғары технологиялық операцияларды жүргізу үшін барлық қажетті жабдықтар мен кәсіби команда жасақталған. Бас дәрігер Бақытжан Позиловтың айтуынша, аурухананың басымдығы — медициналық туризмді дамыту.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласы № 2 көпсалалы ауруханасының бас дәрігері: «Бүгінгі таңда медицина бір орында тұрмайды, көптеген жабдықтар шығарылып жатыр. Жазда Қытаймен келісім аясында нейроробот аппараты әкелінді, ол ісіктің және басқа патологияның қай жерде орналасқанын анықтайды. Мұндай құрылғы қазір тек бізде ғана бар».

№ 2 қалалық ауруханада нейрохирургия бөлімшесі ашылғаннан бері 100-ден астам пациентке ота жасалған. Мұнда кез-келген көлемдегі ісіктерді жою үшін ең күрделі жоғары технологиялық операциялар өткізіледі. Сонымен қатар ми тамырларының аневризмалары мен омыртқа патологиялары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық көмектің кепілдік көлемі аясында жүзеге асырылады.