Түркістан облысы инсульт індетінен аман

357

Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшылығы шетелдік және Қазақстанның үздік нейрохирургтарының басын қосты.

Өңірде «Инсультологияның өзекті мәселелері, даму перспективалары» халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференциясы басталды. Германия, Ресей, Татарстан республикасы мен Астана мен Алматы қалаларынан арнайы келген білікті мамандар “Ғасыр індеті” атанған инсульт дертімен күрес жолдарын іздестіруде.

Әр дәуірдің өз індеті бар. Жаңа заманда етек жайған көп кеселдің бірі – инсульт, дейді ақ халаттылар. Дерттің алдын алып, емдеу жолдарымен бөлісіп, тәжірибе алмасуға жиналған мамандар өзекті мәселенің шешу жолдарын ортаға салды.

Түркістан облысы инсультпен күрес жұмысы бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Соңғы екі жылдың ішінде өңірде 7 Инсульт орталығы ашылып, әлемдегі ең озық қондырғылармен қамтамасыз етілген. Шетелдік мамандар облыс дәрігерлерінің біліктілігіне жоғары баға берді.

Жалпы еліміз бойынша Түркістан облысы індет ошағынан аман, дейді Астанадан арнайы келген дәрігерлер. Статистика бойынша, өңіріміздің көрсеткіші айтарлықтай алда. Оған облыстың басқа өңірлерге қарағанда бала туу көрсеткішінің жоғары екендігі себеп. Басты назарда болар негізгі мәселенің бірі – инсультке шалдыққан науқастардың үй жағдайында көз жұмуы екен. Дәрігерлердің айтуынша, инсульт алған азаматтардың басым бөлігінің ауыруына кеселге көңіл бөлмей, өз денсаулығына салғырт қарауы себеп. Оның үстіне науқастар арасында жастардың көбеюі де белең алып келеді. “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасының аясында 2016 жылы еліміздегі Ұлттық нейрохирургия орталығында “Инсульт мәселесі бойынша Республикалық координациялық кеңес” құрылған. Жыл сайын Қазақстанда 40 мыңға жуық адам инсульт алады. Оның 85% жүректің ишемиялық ауруына шалдыққандар. Дүниежүзілік Инсульт ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2014 жылы Қазақстан инсульттен көз жүмғандар саны бойынша алдыңғы қатарда болған. Жыл сайын елімізде 5 мыңға жуық адам алғашқы 10 күннің ішінде жүрек талмасынан көз жұмады. Тағы сонша науқас ауруханадан шыққан соңғы бір ай ішінде бақилық болады.