Арыс қаласында тұрғындардың қаржылық, несиелік және цифрлық технология бойынша сауаттылығын арттыру бағытындағы «Қарызсыз қоғам» жобасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Өйткені, бұл жобаның азаматтардың нарықтық қатынастағы қаржылық сауаттылығын ашып, алаяқтарға алданбауына, өзінің қаржыға қатысты мәселелерін сауаттылықпен дұрыс шешуіне тигізер пайдасы көп.
Бүгінге дейін, қалаға қарасты барлық ауылдарда өткізілген жоба аясында мыңға жуық ауылдастар қаржылық сауатын арттырып, арнайы сертификаттар алды.
Ал, осы аптадан бастап қала тұрғындарын оқыту басталды. Оқу семинарына денсаулық сақтау, білім, өкіметтік емес ұйымдар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар және қала тұрғындары қатысуда.
Семинарды арнайы қаржы сарапшысы Мұратжан Есенбаев жүргізуде.
Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды үйреніп, өмірлік тәжірибе ретінде іске асыратындықтарын жеткізді. Оқу бағдарламасы аясында тұрғындарға жан жақты ақпараттар берілді.
Оның ішінде:
— өз қаржыларын тиімді басқаруды;
— кредит алу мен депозит ашудың тиімді жолдарын;
— банкроттыққа тапсырудың алғышарттарын;
— алаяқтарға алданбау мен қаржылық пирамидалардың құрсауына түспеуді үйренді.
Сонымен қатар мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бойынша, «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несие бағдарламасы туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар, банк карталарында бұғат (арест) болса шешіп беруге және төлей алмай жатқан несиелер болса жаңа график ашып беруге онлайн тегін заңгер қызметі көрсетілді.