Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков бүгін Тұран ауданының тұрғындарымен кездесті. Көшпелі жиында мегаполис басшысына жер мәселесіне қатысты біраз сауал қойылды.
Бүгін Шымкент әкімі Тұран ауданының жұртшылығымен кездесті. Кезекті көшпелі жиында тұрғындар қордаланған түрлі мәселені көтерді. Халықтың басым бөлігі Шымкенттегі кей жерлер заңсыз сатылып кеткен деп шағымданды.
«Металлург паркіне қарама-қарсы бетте әдемі жасыл бақ бар еді. Сол жерге қоймалар мен бір нысандарды салып тастады. Балалардың демалатын, спортпен шұғылданатын алаңшасы жоқ. Неге қалада жерді осындай белгісіз нысандарды салуға береді? Жер сатылып кеткен»,- деді қала тұрғыны.
Жер мәселесі тек мұнымен бітпейді. Тұрғындарда осы сынды проблема жетерлік екен.
«Жолдың жағасына контейнер қойып, біреулер киосктар ашып алған. Сол мәселені мен әкімдіктерге заңсыз екендігін айтып жүрмін»,- деп шағымданды қала тұрғыны.
Ал бұл мәселелерден қала әкімі хабардар екенін жеткізді. Ғабит Сыздықбеков шынында да Шымкенттің көп бөлігі оңды-солды сатылып кеткенін айтты. Тіпті мегаполис басшысы мұндай жағдайларға таңғалмайтын деңгейге жеткенін де жасырмады.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Оның алдында ол біреудің жері болған. Мысалы сіздің жеріңіз болса, мен сатып аламын, сондай болған ғой. Алдында бір жолды кеңейтейік десек, екі жаққа тақап құжат беріп тастапты. Сенесіз ба? Мен қазір тіпті мұндай жағдайларға таңқалмаймын»
Кездесу барысында қоғамдық көлік қозғалысындағы кемшіліктермен қатар, жылу мен жарық сапасына да шағымдар айтылды. Барлық мәселе назарға алынып, тиімді шешім қабылдау бойынша нақты тапсырмалар берілді.