Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы Д.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адам бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдаланумен ұштастыра отырып өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленіп алу) айыпталған.
Д. Шымкент қаласы №126 «Айнатас» орта мектебінін бас есепші қызметін атқарып жүріп, өзіне еңбек ақысын есептеу барысында артығымен ақша аударып, жалпы соммасы 2 600 000 теңге ақшаны иемденіп, мемлекетке залал келтірген. Сотталушының кінәсі дәлелденеді7 Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің өкілі жазаны тағайындауды соттың қарауына қалдырды. Сотталушы кінәсін толық мойындап, келтірген материалдық залалды толық өтегенін көрсетіп, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Жаза тағайындау барысында сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіруін, келтірген залалды толық өтеуін таныды, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот, Д.-ны ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енбеді.