Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс. Осы орайда Келес ауданында лудоманиядан сақтану, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау туралы жиын өтті.
Келес ауданы әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Абдрахмановтың төрағалығымен өткен басқосуға дербес бөлім басшылары және ауыл мен ауылдық округі әкімдері қатысты.
– Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл біздің қоғамды нығайтудағы және азаматтарымызды құмар ойындардың жойқын әсерінен қорғаудағы маңызды қадам. Заң нормаларымен халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеу және ынталандыру нормалары енгізілген, — деді аудан әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Оралбайұлы.
Құмар ойындары, ғасыр дерті — лудомания туралы баяндаған Келес ауданы әкімі аппаратының заң бөлімшесінің басшысы Ерлан Ибраимов бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайтындығын айтып, бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылғанын ескертті. Сонымен қатар құмар ойындары, бәс тігу және лудоманиядан сақтану, құмар ойынға шалдыққан кейіпкердің оқиғасы туралы Абай ауылының төбе биі Рахматулла Ермеков баяндап өтті.
Айта кетейік, ендішігі кезекте ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілетін болады. Ата-бабамыз «Ойынға ойсыз құмар» деп дөп басып айтқан. Бабалар тарихына үңілсек, құмар ойнау деген ұғым қазақ танымында болған емес. Дінімізде де бәс тігуді құп көрмейді. Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс болып табылатыны белгілі. Отбасының берекесін қашырып, азғындыққа апаратын бұл індеттен әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білгені дұрыс. Құмар ойынға салыну өз өміріңді құрдымға жіберу деген сөз. Сондықтан өз өміріңіз өз қолыңызда екенін біле жүрейік.