Республика күніне орай төрт мәдениет үйі ашылды

35

Шымкентте Республика күніне орай төрт мәдениет үйі ашылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков нысандардың салтанатты ашылуына қатысып, тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтап қайтты. Жаңа мәдениет үйлері жастарды оқуға, өнерге баулуға арналған мекен болса, жасы үлкендерге нағыз демалыс орны. Мәдениет ошақтары барлық заманауи қажетті жабдықтармен толық қамтылған.

«Қайнарбұлақ» тұрғын алабында мәдениет орталық ашылды. Заманға сай екі қабатты ғимаратта акт залы, хореографиялық кабинет, кітапхана мен музыка бөлмелері бар. Мәдениет үйінің салтанатты ашылуына мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков қатысты. Қала әкімі алдағы уақытта кітап қорын көбейтіп, музыкалық аспаптар сатып алу керектігін айтты.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Әртүрлі секциялар ашып береміз, кітапхана бар. Жастарға айту керек кітап көп оқысын деп. Интернетте отырғанша кітап оқыған жақсы. Жақсы күндеріміз көп болсын! Республика күні алда келе жатқан үлкен мейрам – соның қарсаңында өздеріңізге ашып табыстаймыз деп келдік. Жанындағы жерді қосып береміз, мен қазір айтып жатырмын. Бір-екі кісілер қарсы болып жатыр екен, сөйлесеміз. Жабық болғаннан, ашық жерде отыратын орын жасап, сквер жасасақ дұрыс емес пе?»

Ескірген ғимараттың орнына заманауи жабдықталған нысан берілгеніне тек мәдени қызметкерлер мен өнерпаздар ғана емес, мұндағы тұрғындар да дән риза.

Орынкүл Қанаева, «Қайнарбұлақ» тұрғын алабының тұрғыны: «Қуанышымыз қуанышқа ұлғая берсін! Ауылымыз көркейіп жатыр. Менің түскеніме 60 жылдай болып қалды, осы балалардың қуанышын көріп келе жатырмын. Ескілеу еді, заманауи емес еді. Міне, заманауи мәдениет үйіміз салынып, балаларымыз осы жерде өсіп-өніп жатыр. Мұның бәрі мақтаныш, қуаныш қой!»

Ал бұл Абай ауданына қарасты «Көкбұлақ» шағынауданындағы жаңа нысан. Мұнда да тұрғындар игілігі үшін мәдениет үйі пайдалануға берілді. Тіпті өнерпаздар Республика күніне арнғалған алғашқы мерекелік концертті қойып үлгерді.

Ғимаратта өнерпаздар мен жастар үшін барлық жағдай жасалған. Қала әкімі алдағы уақытта қосымша құрал-жабдықтардың әкелінетінін атап өтті. Жаңа бастамаға ризалығын білдірген қариялар шаһар басшысы мен мәдени нысанның ашылуына үлес қосқандарға алғысын айтып, батасын берді.

Ал құшағын жайып, қуанышын жасырмаған бұл тұрғындар – «Базарқақпа» тұрғын алабының жұрты. Қала әкімін ерекше ықыласпен күткен олар бұл аумақта бұрын-соңды мәдени орталықтың болмағанын айтады.

Жаңа нысан халық үшін кездесулер мен іс-шаралар өткізуге қолайлы орынға айналмақ. Мұнда мерекелік іс-шаралардан бөлек, балалардың шығармашылық үйірмелерге қатысып, дарынын дамытуға барлық мүмкіндік қарастырылған.

Шымкент әкімі тұрғындарды қос қуанышпен құттықтап, мәдениет саласындағы қолдау мен дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Игіліктеріңізге салынған мәдениет үйі болсын! Алдында қалай болып жатыр еді, қазіргі жағдайы қалай?! Котлован қазылған кезде өздеріңізбен кездестік қой. Жігіттер қысқа уақытта сапалы салып шығыпты. 25 қазан Республика күні қарсаңында сіздерге бәріміз қосылып қуаныш сыйлап, осы мәдениет үйін бірге ашайық деген ниетпен келіп отырмыз».

Ал Қаратау ауданына қарасты «Өтеміс» тұрғын алабындағы жаңа ғимаратта алғашқы көрме қойылды. Қолөнер бұйымдары келушілер назарына ұсынылып, шашу шашылды.

Жалпы қала бойынша Республика күні қарсаңында 4 мәдениет үйінің ашылу салтанаты өтті. Ғимараттар заманауи жабдықтармен толық қамтылып, аумағы абаттандырылған. Мәдени нысандар 100-150 адамға арналған.

Олжас Тәжібаев, Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы: «Желтоқсан айында жоба жасалып, типтік жоба 4 елдімекенде қазіргі таңда құрылыстары аяқталып, қолданысқа беріліп жатыр. Әр мәдениет үйінің құны 260-270 млн теңгеден басталып 360-370 млн. теңгеге дейін барады. Бұл оның аумағына, жұмыстарына байланысты. Барлық жерде сахнасы бар, вестибюль, акт залы, ер мен әйелдерге арналған ыңғайлы киіну бөлмелері және әкімшілік бөлмелері бар. Бұл ескі ғимараттар сүріліп, жаңа ғимарттар салынды».

Мәдениет орталығы – түрлі іс-шаралар ұйымдастыратын, бос уақытты тиімді өткізуге, жастардың талантын шыңдауға арналған орын. Айта кетейік, Шымкент қаласында қазіргі таңда тағы екі мәдени нысанның құрылысы жүріп жатыр.