Шәкірттері «3» деген баға алып көрмеген ұлағатты ұстаз

25

Ордабасы ауданының ұстазы Әбибулла Жақұдаев Президент марапатының иегері атанған болатын. Мұндай марапатты күтпеген ұлағатты ұстаз тіпті көз жасына ерік беріп, желіде көптің талқысына түсті. Педагог жергілікті Ш. Уәлиханов атындағы мектеп гимназиясында ағылшын тілінен тәлім беріп келеді.

Бүгінде 40 жылдан астам ұстаздық етіп келе жатқан педагог шәкірттерінің алды мұхит асып, Америкада қызмет атқарып жүр. Ал енді бірі ұстаздың өзімен бірге бір мектепте әріптес боп, сабақ береді. 40 жылдан астам уақыттан бері ұстаздық етіп келе жатқан білікті педагог туралы арна тілшісі тарқатып айтады.

Әбибулла Мыңасарұлының дәріс беру ерекшелігі ауыл мектебінде әрбір дәрісін тек ағылшын тілінде өткізеді. Оқушылары да именбей, заманауи білім беру тәсіліне қаныққан. Ұстаздарының сұрағына мүдірмей жауап қатып отыр.

«40 жылдық еңбегім болса да, үйретерім де, үйренерім де көп» дейді ұлағатты ұстаз. Айтуынша, нағыз педагог терең білімнен бөлек, үлгілі тәрбие беріп, шәкіртіне жол сілтей білуі керек.

Әбибулла Жақұдаев, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы: «Ұстаз балаға терең білім бере алса ғана ұстаз. 45 минутқа кіріп балаға әр нәрсені бір айтып, балаға сол тақырыпты 30-40 пайыз меңгертпесе ол ұстаз емес. Баланың ойынан шығып, баланың алға ұмтылып, келешек осы ұрпағымызды жалғастыратын осы біздің балапандар ғой, осыларға терең білім беріп, осыларды даңғыл жолға салып, еңбек жолына салса ғана ол нағыз ұстаз. Міне содан еңбек адамы деген туындайды».

Педагогтың басты қасиеттерінің бірі — талапшылдық. Әбибулла Жақұдаевтың осы ұстанымының арқасында бітіруші шәкірттері алғырлық танытып, ағылшын тілін жетік меңгерген. Олар тіпті осы уақытқа дейін үштік баға алмағанын алға тартады.

Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, шәкірттерінің жүрегіне білім дәнін еккен педагогтың алғашқы шәкірттерінің бірі аудармашы болса, бірі шетел асып Малайзияда оқып жүр. Ал өзі шығармасына жетекшілік еткен шәкірті бүгінде ұстазымен бірге иық қағысып бір мектепте сабақ береді.

Білікті педагог ғылымды да қалт жібермеген. Осы уақытқа дейін 15-16 әдістемелік нұсқаулық жазып, ғылыми қолтаңбасын таңбалаған. Сонымен қатар өзіндік авторлық бағдарламасында түзген. Енді ұстаздар қауымы бұл «Ағылшын тілі процессінде грамматиканы ұйымдастыру» атты бағдарламасын оқулық ретінде пайдаланғалы отыр. Әріптестері Әбидулла Жақұдаевты үлгі тұтып, мақтанатындарын айтады.

«Педагог ұғымының өлшемі білім мен құжат емес. Адал қызмет пен ұстаздық қамқорлықтың биіктігі, педагог маңызын айқындайды. Осы ұстаным 6 жыл бұрын денсаулығым нашарлап, шамасыз қалғанымда қайта қалпыма жетеледі», — дейді Президент қолынан сый алған Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы.

 Әділет Әнуар