Мамандығын сүйетін, тағылымы мол ұстаз 

35

Мұғалім – мектептің жүрегі. Шымкентте өз мектебінің бетке ұстарына айналып, жұмысына берілген ұстаз, сан қырлы еңбегімен таңдандырады. Оның әр сабақты жан-жақты тәсілмен қамтып өтетіні өз алдына бір әңгіме. Жас таланттарды танып, оларды талаптандыратыны тағы бар. 

Ақмарал Пармонова — өз жұмысына нағыз берілген жан. Ол 9 жылдан бері бастауыш сыныптарын жетектеп тәлім береді. Өзінің әр сабақты қайталанбас қызықты етіп өткізуімен ерекшеленетін ұстаз, өмірінің мәнін мамандықтан тапқанын айтады. Оның айтуынша әрбір оқушының шырағын жағу оны шабыттандырады.

Тәлім беру дегенде тағатсыз ізденетін тәлімгер, күнделікті дәрісінде көптеген әдістерді қолданып, интерактивті тақта арқылы бейнелі де, физикалық түрде жеңіл ойын тәсілімен және дәстүрлі үлгіде сабақ өтіп үлгереді. Ең бастысы ардақты жан мұны жиі өткізуді қызметінің мызғымас қағидасы еткен.

Ақмарал Пармонова, №28 Жалпы орта мектебінің бастауыш сыныбының мұғалімі: «Оқушылардың әрбір жетістігі, мысалы олимпиадалардан орын алғандары, бәрі сол мен үшін үлкен жетістік. Өмірде де өз мақсаттарына жеткен кезде қуанамын. Шаршамаймын. Балалармен сабақ өткен сайын өзімді де дамытуға тырысып, солармен жұмыс жасауға тағы да талпына беремін». 

Үйретуден жалықпаған үлгілі ұстаз тек дәріс берумен шектелмейді екен. Ол әрбір шәкіртін жіті бақылап, шығармашылық қабілетін шыңдап отырады. Баланың неге бейім екенін білген соң, оның ата-анасымен осы бойынша терең талдау жүргізіп, оқушының қарымын арттыруға бірге жұмыс жасайды. Осының нәтижесінде мұғалім өтілінің көп болмағанына қарамастан, қанша оқушының талантын танып, талабын жонып,  жетістіктерге жеткізген. Бұл игілікті ісі үшін білім ұясына ата-аналар қауымы әрқашан алғыс жаудырады. Білікті маманның еңбексүйгіштігіне мекеме басшысы да дән риза.

Гульнара Юсупова, №28 Жалпы Орта Мектебінің директоры: «Қазір республикалық деңгейде өзінің аянбай еңбек еткенінің арқасында жетістікке жетіп, Оқу-ағарту министрлігінен алғыс хатпен марапатталып отыр. Жылдың үздік мұғалімі деген номинациямен. Бұл ата-аналармен тығыз қарым-қатынасының арқасында болған жетістік деп ойлаймын. Себебі ата-аналарсыз бастауыш сынып мұғалімдері үшін ешқандай алға жылжу мүмкіншілігі жоқ». 

Білімнен алдын әуелі тәрбие. Бастауыштан орыс сыныптарына сабақ беретін Ақмарал Пармонованың басты ұстанымдарының бірі осы. Ол тәртіпті қалыптастырып, тәрбиеге баулитын сынып сағаттарына аса мән береді. Және онда ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өскелең ұрпақтың патриот болуына бар күшін салады екен. Нәтижесінде, айтқанды екі етпей, құлақ асатындар білуге құмар болып, білімді оңай сіңіріп жатыр.

Айсана Мұхаммедәліқызы, №28 Жалпы орта мектебінің бастауыш сыныбының оқушысы: «Мен бұл мектепте оқып жүрмін, себебі бұл жерде маған ұнайды бәрі. Түрлі-түрлі ойындар ойнаймыз, көп есептер шығарамыз».

Елімізде білім беру бағдарламасына жасанды интеллект зиятын кіріктіру жәйлап енгізіліп жатыр. Ал үнемі дамуды ойлайтын ұстаз бүгінде мұны қолға алған екен. Ендігі жоспары оны әбден игеріп, өзінің сенімді серігі ету. Басты мақсаты — онымен өнімділігін арттырып, тың серпінде жұмыс жасау. Ол үшін қарқынды танып-білу жұмыстарын жүргізуде. Және нәтижеден күтері де мол.