Шымкент аумағында есірткі дайындайтын 4 зертхана анықталған. Наркоқылмыспен 397 адам сотталыпты. Қазір тек қылмыс үстінде құрықталған адамдардан бөлек, ұйымдастырушыларды іздеу мақсатында атқарылатын жұмыс күшейген.
Есірткі қылмысын жасаушылардың басым бөлігі 18-19 жастағы азаматтар. Мәселен, Шымкентте жыл басынан бері 397 адам есірткі қылмысымен сотталса, оның 197-сі 18-30 жас аралығындағы жастар. Олар мұндай қылмысқа жеңіл ақша іздеп баратын көрінеді. Бұл туралы қала прокурорының орынбасары айтты.
Ержан Марат, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары: «Бас прокуратурамен осы қылмыстармен күресуде құқық қорғау органдарына алгоритм енгізілді. Басты мақсат – қылмыстардың тек орындаушыларын ғана емес, ұйымдастырушыларын анықтау. Көбінесе сотталатын адамдар – қарапайым жұмыс істейтіндер немесе тұтынушылар. Ал оны ұйымдастыратындар анықталмайды. Сондықтан оған көп көңіл бөлінеді».
Биыл Шымкент қаласының аумағында есірткі дайындайтын 4 зертхана анықталған. Оның үшеуі синтетикалық, біреуі – фитозертхана. Қылмыс құрамында болғандар ұсталып, іс сотқа дайындалуда дейді қадағалаушы орган өкілдері.
Арман-Арун Бейсенбиев, Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасары: «Қабылданған шаралардың нәтижесінде 400-ден астам есірткіге қатысты қылмыстар анықталды. Оның 75-і есірткі сату. Оның 70 пайызы бұл интернет желісінде орын алған қылмыстар. 150 келіге жуық есірткі тәркіленсе, оның 29 келісі синтетикалық есірткі заттары».
Өткен жылы есірткі қылмысын жасағандардың ішінде 3 кәмелетке толмаған бала болса, биыл абырой болғанда 18 жасқа толмағандар арасында мұндай қылмысқа барғандар тіркелмепті. Дегенмен, есірткі таситын курьерлік қызметтің жарнамасы әлі де жер жарып тұр дейді жауаптылар. Айтуынша, мұндай жарналамарға қарсы рейд ең бірінші білім беру мекемелерінің аумағында жүреді. Сонымен қатар, қазір қылмыстың алдын алу бойынша жұмыс күшейтілген.