Шымкентте 66 адам жол апатынан қаза тапқан

30
фото Отырар.кз

Жыл басынан бері мегаполисте 66 адам жол көлік оқиғасынан қаза тапқан. Жергілікті билік пен сарапшылар бұл алаңдатарлық статистиканың себептерін анықтап жатыр. Бірі жол апаты жүргізушілердің жауапсыз мінез-құлқынан орын алады десе, енді бірі жүргізуші куәлігін алу ережелерін қатаңдату қажет дейді.

Шымкентте жүк көлігі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жолда аударылып қалды. Абырой болғанда, оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Ал, бұл бірнеше көлік соқтығысқан жол апаты бір ай бұрын болған. Бұл кезде де көлік тізігіндеген азамат аман қалды. Десе де, жыл басынан бері мегаполисте 66 адам жол көлік оқиғасынан қаза тапқан.

Жол апаты түрлі себептен болуы мүмкін дейді 28 жылдық көлік жүргізу тәжірибесі бар Бақтияр Тұрғанов. Ол жақында ғана жол апатына ұшыраған көрінеді. Айтуынша, кінәлі жүргізушінің көлік басқарудағы тәжірибесі жеткіліксіз болған.

Бақтияр Тұрғанов, автожүргізуші: «Жастардың басым бөлігі жолда телефонға телміріп, құлаққап тағып жүреді. Айналасына мән бермейді. Жол ережесін де ескермей көлік басқаратындар да бар. Сондықтан да жол апаттары болады»

Ал жергілікті билік өкілдері жол апаттарын азайту үшін заманауи технологиялар орнатылып, жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр дейді.

Ертуған Бегалиев, аға прокурор: «Шымкент қаласының аумағында былтырмен салыстырғанда ЖКО саны өсуде. 2024 жылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде үйлестіру кеңесі өткізілді. Нәтижесінде, маусым айында 209 ЖКО тіркелсе, шілдеде 89, тамызда 70, қыркүйек айында 50 ЖКО тіркелді»

Бұрын Д. Қонаев пен Тәуке хан көшелерінің қиылысында жол апаты жиі орын алатын еді. Бүгінде мұнда «ақылды» камералар орнатылып, бағдаршамдар кесте бойынша жұмыс істеп жатыр. Дегенмен де, жол апатының азаюы – жүргізушілерге байланысты дейді полиция қызметкерлері.