Шымкентте екі жайлы мектеп пайдалануға берілді. Оның бірі 2 мың оқушыға, екіншісі 1200 балаға арналған оқу ордасы. Білім беру мекемелерін пайдалануға беру Республика күніне оарай және «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасының маңызды бөлігіне айналды. Қос мектеп те ең заманауи стандарттарға сай жабдықталған және өз оқушыларына жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын ұсынады.
Жаңа форматтағы алғашқы жайлы мектеп Нұршуақ шағынауданында пайдалануға берілді. №140 білім ұясы бастауыш және жоғары сыныптарға арналған блоктарға бөлінген, бұл балалардың білім беру процесіне жақсы бейімделуіне ықпал етеді.
Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар оқушылар үшін кедергісіз орта құруға ерекше назар аударылған. Оқу кабинеттері заманауи техникалық құралдармен жабдықталған, STEM-зертханалар, робототехника сыныптары, төрт спорт залы, хореографиялық зал, дизайн және технологиялар кабинеттері қарастырылған.
Оқушылардың шығармашылық дамуы үшін коворкинг және демалыс аймақтары, ал бос уақыт үшін ойын және спорт алаңдары бар. Сондай-ақ қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін сандық бейнебақылау камералары мен турникеттер орнатылған.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Міне өздеріңіз көріп тұрғандай керемет мектеп салынды. Енді балаларға білім ошағындағы құралдар саймандарды сынып бөлмелерін күтіп ұстау бойынша ата-аналар сіздер үйретілеріңіз керек. Сындырмай, ұқыпты ұстауға».
Өз кезегінде ата-аналар балаларының білім алуына ығайлы жасаған жауаптыларға алғыстарын білдірді.
«Жайлы мектеп» жобасы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылуда және бүкіл Қазақстан бойынша заманауи білім беру мекемелерін құруға бағытталған.
Құрылысы аяқталған екінші жайлы мектеп Оңтүстік Шығыс тұрғын алабында орналасқан. 1200 орындық балаға лайықталған №142 мектепті ғимаратына да қала әкімі арнайы барды. Жаңа үлгіде жабдықталған білім ошағында пәндерді оқуға арналған заманауи кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника сыныптары және хореографиялық зал бар. Спорттық инфрақұрылым төрт спорт залынан тұрады, сонымен қатар мектеп аумағында ойын және демалыс алаңдары бар. Оқушылар дизайн және технологиялар кабинеттерінде, сондай-ақ үй шаруашылығы мәдениеті шеберханаларында практикалық дағдыларды дамыта алады.
Мектептердің ашылуы өскелең ұрпақ үшін сапалы білім беру мен қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам, бұл әсіресе Республика күнін мерекелеу кезеңінде өзекті болып табылады.
Шынар Оразова