Шымкентте газ қызметкері бір отбасын құтқарып қалды

147
фото Отырар.кз

Шымкентте газ қызметкері бір отбасын уланудан аман алып қалды. Оқиға 14 қазанда болған.

Ермахан Манқараев белгіленген мекенжай бойынша шақырту алып, газ жабдығын тексереді. Алайда, көрші әйел өз пәтерін де тексеріп беруді сұраған. Олар пәтерге кіре алмай, іште біреудің әлсіз дауыспен сөйлеп жатқанын естіген. Қосалқы кілт арқылы үйге кіргенде, ес-түссіз жатқан балалар мен анасын көрген. Маман бірден газ аспаптарын сөндіріп, терезелерді ашып, балаларды құтқаруға кіріскен. Олардың бірі ауыр халде болғандықтан, дереу жүрегіне массаж жасап, аман алып қалыпты.

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков екі бүлдіршіні бар отбасының өмірін құтқарған дәнекерлеуші Ермахан Маңқараевты марапаттап, қайғылы оқиғаның алдын алған газ қызметкерінің кәсіби әрекеті үшін алғысын білдірді.

Ермахан Маңқараев, газ қызметкері: «Ашсақ, әйелі тура алдымда тұр. Құралымды қосып қойғам, тексерсем, нормадан асып тұр. Бірден аузымды орамалмен жауып, терезелерді аша бастадым. Терезені ашып болған соң, қарасам екі бала жатыр. Екі кішкентай бала түнімен ауырған екен. Үлкені жылжимын деп төмен түсіп бара жатыр екен. Ондай кезде аяқ-қол істемей қалады».

Айта кетейік, бұл жағдай дұрыс орнатылмаған газ құрылғысынан болған. Оған қоса, мұржасы қоқыспен бітеліп қалған. Сондықтан, мамандар тұрғындарға газ жабдықтары мен мұржаларды үнемі тексеріп отыру қажет екенін ескертеді.