Шымкент тұрғыны Мұқан Оразов бүгін отбасымен дауыс беруге келді. Қаратау ауданының учаскелік инспекторы қызметіне қарамастан атом электр станциясын салу мәселесі бойынша өз таңдауын жасауға уақыт тапқан. Тәртіп сақшысы еліміз үшін тарихи күнде дауыс беру — әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы екенін атап өтті.
«Бүгін мен де өз таңдауымды жасауға келіп отырмын. Бұл еліміз үшін өте маңызды оқиға және әркім өзінің азаматтық ұстанымын көрсетуі тиіс», — дейді учаскелік инспектор.
Тәртіп сақшысымен бірге дауыс беруге оның жұбайы Айткүл де келді. Келіншек референдум мен сайлау секілді кез келген науқанға балаларын бірге алып жүруге тырысады. Айтуынша, жас ұрпақты азаматтық ұстанымын танытуға бала күнінен баулу қажет.
«Жұбайым екеуміз мұндай науқандардан ешқашан тыс қалған емеспіз. Әрине, балаларды әрдайым өзімізбен бірге алып жүреміз. Өйткені олар ел болашағына қатысты шешімді қабылдауға белсенді қатысып, болашақта дауыс беруден тыс қалмау қажеттігін көреді» «, — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Азаткүл Шоманова.
Айта кетейік, бүгін Шымкенттегі референдум учаскелерінде түрлі сала қызметкерлері белсенділік танытып, өз таңдауларын жасауда. Олардың қатарында полицейлер, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар, сонымен қатар медицина мамандары бар.