Шымкентте мектептің бас бухгалтері 5,1 млн теңге жымқырған

11

(Фото: istockphoto.com)

Шымкентте №96 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің бас бухгалтері қазына қаржысына қол салған. Бас есепшіге 5,1 млн теңгені жымқырды деген айып тағылды.

Іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды.

Прокуратура мәліметінше, бас бухгалтер қызметтік жағдайын пайдаланып, ай сайын өзінің есеп шотына белгіленген мөлшерден артық ақша аударып отырған. Барлығы 5 164 921 теңге сомасында аударым жүргізілген.

32 жастағы ер адам өз кінәсін мойындаған. Ал келтірілген шығын мемлекет бюджетіне толық көлемде қайтарылған.

Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі, 1, 2 тармақтарымен кінәлі деп танылды. Сот үкімімен оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.

Қалалық соттың мәліметінше, бас бухгалтер мемлекет қаржысын науқас анасының еміне жұмсағанын айтқан.