«2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді» — Жанат Өтебаева

14

Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібі қалай өзгереді? Шымкентте қанша отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады? Осы және тағы басқа сұрақтарға Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева жауап берді.

— Басқарманың басты міндетінің бірі — жұмыссыз ретінде тіркелген адамдарға жұмыс тауып беру. Биыл жоспар толығымен орындалып жатыр ма?

— Иә, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында ең әуелі жұмыссыздық деңгейін төмендету керек. Азаматтарды уақытша болсын, тұрақты болсын жұмыспен қамту шарасын қамтамасыз етеміз. Биыл 57 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту шарасына қатыстыруымыз керек болатын. Қазір соның 76%-ын орындадық. Жыл соңына дейін толық орындаймыз. Бүгінге дейін 14 мыңға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Дәл қазір 11 мыңға жуық адам жұмыссыз ретінде тіркеліп тұр. Біз тек жұмыс тауып бермейміз, жұмыссыздарға берілетін грант та бар. Биыл 428 азаматқа грант бердік. Біз жоспар бойынша жұмыссыздық деңгейін 4,9%-да ұстаймыз деген едік. Екінші тоқсанның қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,8% болып тұр. Соның ішінде жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,1%-ға төмендеп отыр.

— Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайды ма?

— 2019 жылды еске алатын болсақ, қала халқының төрттен бір бөлігі осы атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген болатын. 5 жылдың ішінде әлеуметтік саладағы жұмыс бір жүйеге келіп, халықтың әл-ауқатының артуының арқасында жылдан жылға атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар азайып бара жатыр. Атаулы әлеуметтік көмекті күнкөріс деңгейі жан басына шаққанда шекті деңгейден төмен болған жағдайда алуға болады. Өздеріңіз білесіздер, атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз болып екі түрге бөлінеді. Егер жалғызбасты ана болса, ол баласына қарап отыр, үйінде жұмыс істейтін адам жоқ, сондықтан ол кісімен шартқа тұра алмаймыз. Сол себепті біз шартсыз түрде оның кірісін есептеп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаймыз. Ал шартты болса, бір отбасында жұмыс істеуге жарамды азаматтар болса, олар жұмыспен қамтылғанша. Иә, біз сізге атаулы әлеуметтік көмек береміз, бірақ сіз біз жіберген жұмысқа баруыңыз керек деген әлеуметтік келісім-шартқа тұрамыз. Жұмысқа бармасаңыз, белгілі бір курс оқуын немесе грант алуын айтамыз. Осылай бірнеше бағытпен біз келісім-шартқа тұрамыз. Ол адам бір тоқсан атаулы әлеуметтік көмек алса да, келесі тоқсанда өзінің кірісі болады. Сөйтіп, адамдар көмек алудан шыға бастайды. Осындай жұмыстың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30%-ға төмендеп отыр. Және егер атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасында 1 жастан 6 жасқа дейін балалар болса, әр балаға 1,5 АЕК көлемінде ай сайын қаржы аударамыз. Қазір Шымкентте 8 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.

— Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға қандай да бір өзгеріс енгізіле ме?

— Келер жылдан бастап, яғни 2025 жылдан атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға біршама өзгеріс енуі мүмкін. Қандай десеңіз, қазіргі жағдайда біз көбіне кірісті есептейміз де, шығысты есептемейміз. Бізде көп отбасы кірісін жасырады, табысын қолма-қол ақшамен алады. Ал ай сайынғы шығынын есептесек, кірісінен асып кететін адамдар бар. Ай сайынғы балаларының оқуына кететін шығын, коммуналдық, кредиттік шығын, пәтер ақысына шығын деген сияқты. Осыны есептегенде бұл жалпы кірістен асып кетіп отыр. Егер кіріс пен шығын сәйкес келмеген жағдайда артық кеткен шығынды да біз кіріс ретінде есептеу жүйесі қазір жүріп жатыр. Бұл өзгеріс қазір қаралып жатыр. Келер жылдан бастап күшіне енуі мүмкін. Нақты заң өзгеріп, белгілі болғанда міндетті түрде хабарлап айтамыз.

— Тағы қандай өзгеріс болуы мүмкін?

— Мысалы, жеке кәсіпкер бізге қанша адамды жұмысқа алатыны жайлы өтінім жібереді. Біз ол азаматтарды жібереміз. Бірақ олардың 8 сағат жұмыста болған, болмағанын білмейміз. Бұған жұмыс беруші жауап беруі керек. Келержылдан бастап, жұмысқа жіберілген әр адамның телефонына арнайы бағдарлама енгізіледі. Сол бағдарлама арқылы адамның сол мекемеге барған кезі мен жұмыстан шыққан кезі тіркеледі. Егер азамат жұмыс орнынан 100 метр қашыққа кеткен жағдайда бізге хабарлама келеді.

— Егер адамның сыртта жұмысы болса, тапсырмамен басқа жаққа кетсе, сондай жағдай не болады?

— Біз бұл жағын да ескеріп отырмыз. Әлі қаралып жатыр. Мұндай жағдайдың бәрі ескеріледі. Бұл жұмыс мемлекет қаржысын нақты жұмсауға көмектеседі. Сондықтан мұндай өзгеріс болып қалуы да мүмкін.

— Шымкентте тағы бір Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылайын деп жатыр екен. Қашан пайдалануға беріледі?

— Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы біздің қаламызда 2019 жылы ашылған. Бізде қазір 3 орталық бар. Онда 2 ауысымда 4 сағат түске дейін, 4 сағат түстен кейін, бір күнде 800-ге жуық егде жастағы буын өкілдері бос уақытын өткізе алады. Сол жерде кітапхана, кинозал, спорт залдар бар. Ағылшын, араб, орыс тілдерін үйрететін курстар және ән, би курстары бар. Тіпті қолөнер үйірмелері де бар. Егде жастағы буын өкілдерінен сұраныс көбеюіне байланысты Нұрсәтте төртінші орталықты ашайын деп отырмыз. Жақында пайдалануға беріледі.

— Қазір Шымкентте белгілі бір санаттағы адамдарға қандай жәрдемақы төленіп жатыр?

— Әлеуметтік санаттағы адамдарға республикалық және жергілікті бюджеттен берілетін қаражат бар. Олардың бәрі Әлеуметтік кодексті көрсетілген. Әлеуметтік төлемдерден бөлек, жергілікті атқарушы органдардың шешімімен төленетін төлемдер бар. Ол мереке күндерге арналған, бір реттік төлем болып төленеді. Сонымен бірге бізде ай сайынғы төлемдер де бар. Мысалы 80 жастан асқан жалғызілікті қарттар бар. Олардың ешкімі жоқ. Оларға көмектесуге біздің қызметкерлер барады. Соған жергілікті атқарушы шешімімен 2 АЕК ай сайын төлем төленеді. Және де туберкулезбен ауырған азаматтардың ем алғаннан кейін олардың жақсы тамақтануы үшін ай сайын медициналық мекемелердің берген тізіміне сәйкес 5 АЕК көлемінде төлем төленеді. Сонымен бірге бізде онкологиялық аурумен ауырған азаматтарға да ай сайын 5 АЕК көлемінде төлем төленеді. Әлеуметтік такси деп аталатын да көмегіміз бар. Осыны қаржылай көмекке ауыстыру мақсатында тірек қимылы бұзылған жандарға арналған 5 АЕК көлемінде ай сайын төлем аударылады. Алтын алқа, күміс алқа иегерлеріне де наурыз айында осы көлемде көмек көрсетіледі. 22 наурызда ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға 20 АЕК көлемінде төлем төленеді. Ұлы Отан соғысының екі ардагеріміз бар, ол кісілерге 2 миллион теңге төлем берелді. Ал тыл ардагерлеріне 15 АЕК көлемінде, тыл ардагерлеріне теңестірілген жандарға биыл 36 АЕК көлемінде төлем төленді. Мамыр айында өзгеріс еннгізіліп, 45 АЕК-ке дейін төлем төленді. Төлемдерден бөлек зейнет жасындағы азаматтардың тегін басылымдарға жазылу қаражаты да төленіп отыр. Зейнеткерлерді санаторияға жіберуге де бағдарламадан қаржы бөлінеді. 2024 жылы 5 мың зейнет жасындағы азаматқа қаржы бөлінді.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР
Бұл мақала Ontustik Rabat газетінің
№ 45 санында (07.11.2024 ж) жарияланды