Шетелдік туристер Шымкентке қызыға ма?

311
Бексұлтан Әділханов, Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы

Шымкентке шетелдік туристер келе ме? Оларға көрсететін, ұсынатын, олар қызығатын не бар? Осы және тағы басқа сұрақтарға Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов Oñtüstık Rabat газетіне сұхбатында жауап берді.

— Шымкент туристер келетін қалаға айнала алды ма?
— Шымкент қаласын туризм қаласы деп айта аламыз. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден Шымкент қаласының орналасқан жері туристерге өте тиімді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін туристер көлікпен 1,5 сағатта Түркістан қаласына бара алады. Дәл сондай уақытта көлікпен Ташкентке де, Төлеби ауданында орналасқан тау бөктеріне де бара алады. Ал енді екіншіден, Шымкенттің гастрономиясы өте бай. Бізде 3,5 мыңнан астам тамақтану орны бар. Кез келген турист әр түрлі елдің асханасымен қабылдауға дайын. Үшіншіден, бізге қыдырып келу – өте қолжетімді. Қызмет көрсету саласындағы орналастыру орындары, тамақтандыру орындары болсын басқа қалалармен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Сол себепті мен Шымкентті туристер үшін тартымды қала деп айтар едім.

— Биыл Шымкентке қанша турист келді, оның қаншасы шетелдік, қаншасы еліміздің басқа аймақтарынан келген?
— 2024 жылдың 6 айлық қорытындысына сәйкес, қалаға 252 919 турист келген. Бұл былтырдың 6 айымен салыстырғанда 17,5%-ға өсіп отыр. Және де біздің қаламызда 144 орналастыру орны жұмыс істейді. Осы жылдың 6 айында 5,3 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Бұл алдыңғы жылдың 6 айымен салыстырғанда 36,4%-ға артық. Бұл да қаламызға туристердің келуі артқанын көрсетеді.

— Қазақстан азаматтары Өзбекстанның қалаларына көп қыдырып барады, ал олар бізге турист боп келе ма?
— Бізде шетелден келген туристерді тіркейтін e-қонақ деген жүйе бар. Осы жүйенің ақпаратына сәйкес 1 қаңтардан бүгінге дейін қаламызға 33 мың турист келген. Оның 11 мыңға жуығы Өзбекстаннан келген.

— Шымкент Өзбекстанға кетіп бара жатқан туристердің аз ғана уақыт аялдайтын орнына айналып кеткен жоқ па, қалай ойлайсыз?
— Қонақтардың аз ғана аялдайтын қаласы деп айта алмаймын. Себебі қаламызға келген турист кем дегенде бір күн қонып кетеді. Түркістан мен Ташкентті байланыстырып отырған үлкен туристік қала.

— Шымкент қаласының қай жерлеріне туристердің қызығушылығы басым?
— Қаламызда 7 туристік объект бар. Осы 7 орынның жарнамасын жүйелі жүргізіп жатырмыз. Оның біріншісі – Қарашаш ана және Ибрагим ата кесенелері. Содан кейін Дендро саябағы, Зообақ, Қошқар ата өзені, Және жаңадан салынған Сейітжанов атындағы үлкен мешіт. Және де цитадель. Қарашаш ана және Ибрагимов ата – Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы. Демек діни туризм Шымкент қаласынан басталу керек. Оңтүстікке келетін көп труист Қ. Ахмет Ясауи кесенесіне барады да оның ата-атанасының кесенесіне келмей қалады Себебі білмей қалып жатады. Сол себепті біз осы мәселені қолға алып, «Діни туризм Шымкент қаласынан басталуы керек» деген ұранмен жарнамалық жұмыстарды бастап кеттік. Ал енді Дендро саябағы мен Зообақтың да келушісі көп. Қошқар ата өзенінің суы қысы-жазы 11 градус температураны сақтап тұрады. Осындай қасиетімен көпті тартады. Ал енді Сейітжанов атындағы мешіт өзінің тамаша сәулетімен туристерді баурап алады. Цитадель болса, Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихы бар екенін дәлелдейтін бірден бір нысан. Біз осы 7 нысанға басты назарды аударып, жұмыс істеп келеміз.

— Цитадельге барған адам не көре алады?
— Ол жерде қазір гид-эксурсоводтар жұмыс істейді. Келген қонақтарға қазақ және орыс тілінде ақпарат береді. Ол жаққа адамдар тегін кіреді. Жыл басынан бері 30 мыңнан астам турист келген. Цитадельге барған турист ең алдымен қазақ халқының әдет-ғұрып және салт дәстүрімен, мәдениетімен танысады. Қаламыздың 2200 жылдық тарихы айтылады. Туристерге де ең қызығы – біздің тарихымыз, мәдениетіміз, гастрономиямыз. Қазір қаламызда 17 туристік маршрут жұмыс істеп жатыр. Оның бірі Шымкент-Түркістан, Түркістан-Шымкент бағытындағы 4 күндік тур.

— Шетелдік туристерді тарту үшін қандай жұмыс істеп жатырсыздар?
— Сол үшін алдымен блог-тур өткіздік. Сол блог-тур аясында 15 отандық және 15 шетелдік туриске 3 күндік тур ұйымдастырдық. Блог-тур аясында қаламыз жайлы 108 пост және 110 видео жарияладық. Соның нәтижесінде әлеуметтік желіде 8,7 млн қаралым жиналды. Бұдан бөлек шілде айында Самарқан мен Баку қалаларында Шымкент қаласын жарнамалап, таныстырды. Соның нәтижесінде 6 келісім-шартқа қол қойылды. Теміржол вокзалы реконструкциядан өтті. Оның бұрынғы келбеті мен қазіргі келбетін салыстырға келмейді. Жыл соңында әуежайдың жаңа терминалы қолданысқа беріледі. Мұның бәрі Шымкент қаласының туристік әлеуметін әлі де арттырады.

— Туризм саласында мамандар жеткілікті ма?
— Біз жыл сайын туризм саласының мамандарын оқытамыз. Ол администраторлар, гид-экскурсоводтар мен тамақтану орындарында жұмыс істейтін қызметкерлер. Биыл 90 адамды оқыттық. Оқытатын адам санын жылдан жылға көбейтіп келеміз. Осылайша қызмет көрсетуді жетілдіру қажет.

— Кез келген туристке қаланың қауіпсіздігі маңызды. Бізге келген туристер арасында қиын жағдайға душар болғандар болды ма?
— Қаламызда туристік полиция жұмыс істейі. Онда 30-ға жуық адам қызмет етеді. Олар туристерге көмектеседі. Ал енді туристер арасында келеңсіз жағдайға душар болғандар тіркелмеді.

— Биыл туризм саласына қанша инвестиция тартылды?
— Осы жылдың 6 айында 7 млрд теңге инвестиция келді. 8 қонақ үй салынады. Бұдан бөлек 14 объект бойынша 47 млрд теңге инвестиция құйылған. Мұның бәрі туризм саласына сабақтас бағыттар бойынша болып отыр. Біздің негізгі мақсатымыз – осындай жұмыстарды мемлекетке салмақ салмай, демеушілер есебінен атқаруға тырысамыз. 2024 жылы іс-шараларды өткізуге 110 млн теңге қаржы қаралса, бірақ іс-шараны демеушілер есебінен өткізіп, 69 млрд теңгені мемлекетке кері қайтардық. Бұл жерде ол іс-шара өтпеді дегенді білдірмейді. Іс-шаралар демеушілер есебінен өтті.

— Қаламыздағы тарихи ғимараттарды туристер көп баратын орынға айналдыру бойынша қандай жұмыс істеп жатырсыздар?
— Бізде осы орындарға арналған бөлек тарихи-мәдени тур бар. Мұнда қаламыздағы тарихи ғимараттарға экскурсия жасайды. Қаламызда республикалық деңгейдегі 7 тарихи-мәдени нысан бар. Оның бәрі Сайрам қалашығында орналасқан. Бұл – Қарашаш ана мен Ибрагим ата кесенесі, Әбділ-Әзиз баб кесенесі, Қызыр мұнарасы, Сайрамның өзі, Қожа Салық кесенесі. Және де креативті индустрия нысандары, қолөнершілер, этнодизайнерлер үйі мен жер асты музейі де бар. Сондай объектілер жатады.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР
Бұл мақала Ontustik Rabat газетінің
№43 санында (24.10.2024 ж) жарияланды