Ақдала ауылында жаңа спорт зал кешені құрылысы басталды

18
фото ААӘБҚ
Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала ауылдық округі халқымен кездесті. Кездесуде тұрғындармен бірге округ әкімінің жыл басынан бері атқарған жұмыстары бойынша есебін тыңдады.
Әрі қарай шаһар басшысы ауылдастармен қала бойынша атқарылатын алдағы жоспарларды бөлісіп, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді саралады.
Қалаға кіре беріс іргеде орналасқан Ақдала ауылы бүгінде қарқынды дамып келеді.
Өткен жылы тұрғындар сұранысы бойынша ауылда тұңғыш рет 240 орынға шақталған Мәдениет үйі мен кітапхана комплексі пайдалануға берілді. Ал биыл, ауыл орталығынан жаңа спорт зал кешені құрылысы басталды. Бүгінде мұнда қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сәтін салса келер жылы пайдалануға берілмек.
Бұдан бөлек, ауылда орналасқан С.Ерубаев жалпы орта мектебі кешенді жөндеуден өткізілді. Іргетасы 2008 жылы қаланған мектептің ішкі қабырғалары, ағаш және кафель едендері, пластик есік-терезелері, жылу жүйелері қайта жаңартылып, оқушыларға алаңсыз білім алуға жағдай жасалды.
Бұдан бөлек, ауыл ішіндегі 11 көшенің ескірген ауыз су құбырларын жаңарту қолға алынуда. Ол үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленді, сараптама қорытындысы алынды. Енді құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 2025 жылға бюджеттік өтінім берілмек.
Сондай-ақ, Ақдала, П.Арапов елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленген. Тиісті қаржы бөлінген соң, 2025 жылдары құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, Ақдала елді мекенінде жол салынбаған үш көшесіне (Ақниет 1, Ақниет 2, Парасат) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нысан 2025 жылға өтпелі.
Жиында ауыл әкімі Тоқберген Байекеевтің жылғы атқарған жұмыстары мен және биылғы көрсеткеткіштер бойынша есебі тыңдалды. Қала басшысы ауыл әкіміне салық түсімдерін ұлғайтуды, ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде су үнемдеу технологиясын енгізу, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша тұрғындармен тығыз жұмыс жасау және өзге де мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берді.