Әрбір бесінші отбасының балаларын демалысқа жіберуге мүмкіндігі жоқ

22

 

Қазақстанда әрбір бесінші отбасының балаларын демалысқа жіберуге қаржылай мүмкіндігі жоқ. Ал ата-аналардың 12%-ы оларды күнделікті жеміс-жидектермен қамтамасыз ете алмайды. Қоғам белсенділері балаларды тәрбиелеу қаржылық ресурстарды талап ететінін, әсіресе, отбасы бюджетіне жүктеме артып жатқанда, бұл аса маңызды екенін атап өтті.

Ұлттық статистика бюросы балалары бар қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізген. Алайда оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Қазақстандықтардың бестен бірі балаларына кемінде аптасына бір рет үйден тыс демалыс ұйымдастыруды армандайды. Шамамен ата-аналардың 15% перзенттерін қосымша білім беру шараларымен қамтамасыз ете алмайды.

Ал 13% күн сайын көкөніс-жемістермен қамтамасыз етуді қалайды.
Дәл осындай санаттағы ата-аналардың балаларын белсенді демалысы үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, мектеп экскурсияларына жіберуге мүмкіндіктері жоқ.

Баян Жандосова, Республикалық әйелдер кеңесінің филиал басшысы: «Балалардың саны отбасы бюджетіне әсер етеді, сондықтан әр отбасы өз табысын есептей білуі тиіс. Ал егер бала дүниеге келсе, ата-ана өз міндеттері мен құқықтарын білуі қажет. Біз көбіне өз құқықтарымызды білеміз, бірақ міндеттерімізді ескермейміз»

Социологтар кейбір отбасыларда, керісінше, балалар тәрбиесіне тым көп көңіл бөлінетінін айтады. Бұл кезде ата-аналардың бірі, көбінесе анасы, ата-аналық міндеттерін толықтай атқарып, жұмыстан тыс қалады. Бұл отбасының қосымша табыссыз қалуына әсерін тигізеді. Алайда мамандар мұндай тәсіл әрдайым күткен нәтижелерді бермейді деп отыр.

Татьяна Резвушкина, әлеуметтанушы: «Ата-аналар баланы табысқа жетуге тиісті жоба ретінде қарайды, алайда оның нәтиже беретініне ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан балаға жұмсаған күш-жігеріңіз бен қаржы өскен соң сіз ойлағандай нәтиже береді деп күту қиын»

Қоғам белсенділерінің айтуынша, бұның шешімі балаларға мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты сақтауға арналған «цифрлық әмиян» енгізу болуы мүмкін. Осылайша ата-аналар қаржыны қайда және қалай жұмсайтынын бақылап, түсініп отырар еді.

Гүлнар Омарова, Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық кеңес мүшесі: «Цифрлық әмиян арқылы бұл қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын көруге болар еді. Анасы педиатрға барғанда, бұл сома жұмсалады. Балаларға бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуы бақылануы қажет.»

Айта кетейік, Қазақстанда шамамен 6 миллион 800 мың бала тұрады және бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде.

Шұғыла Ерментай