Әскерден жалтару орын алған жағдайда қолданылатын шаралар мен айыппұл көлемі айтылды

32
фото ТАӘБҚ
Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаевтың төрағалығымен өткен басқосуда күзгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы талқыланды.
ҚР Президентінің 2024 жылғы 1 ақпандағы Қаулысына сай, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар 2024 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылуы қажет. Осы орайда, Төлеби ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің, ауылдық округ әкімдігінің мамандары, учаскелік полиция қызметкерлері жұмылдырылып, әскерге жарамды жастарға шақыру қағазы жіберілуде.
Төлеби ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Марлен Тоқсейітов аудандағы қала, ауылдық округтен күзгі маусымға Төлеби ауданынан 200 жас шақыртылады деп жоспарланып отырғанын айтып, әр айға бекітілген меженің орындалу барысын баяндады.
Жиында қала, ауылдық округ әкімі аппаратының салаға жауапты мамандары әскерге шақыру кезінде орын алған қиындықтарды ортаға салып, заң аясында шешу жолдары талқыланды. Отан алдындағы борышын өтеуі азаматтардың әскерден жалтаруы орын алған жағдайда қолданылатын шаралар мен айыппұл көлемдері, сондай-ақ, әскери борышын өтегендерге қарастырылғанын жеңілдіктер де сөз болды.
Басқосу қорытындысымен хаттама толтырылып, қала, ауылдық округ әкімдері мен сала мамандарына көрсетілген межені дер кезінде орындалу тапсырылды.