Бұзақылық адам өліміне әкеліп соқты

38
фото vera.kz
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында П.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. П. ҚК-нің 293-бабының 1-бөлігімен (бұзақылық жасау), 351-бабының 2-бөлігімен (көлiктiң қауiпсiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн қағидаларды бұзу, абайсызда адам өліміне әкеліп соғу) айыпталған.
Сотталушы 2024 жылдың тамыз айында Шымкент қаласында қоғамдық көлікте масаң күйде, бұзақылық ниетпен автобус жүргізушісінің бетінен бір соққы жасады. Соның салдарынан автобус жүргізушісі тежегішті басып, автобус кенеттен тоқтаған. Нәтижесінде, автобустың шығу жерінде тұрған жолаушы (жәбірленуші) абайсызда алған дене жарақаттары салдарынан қайтыс болған.
Сотталушының кінәсі өзінің, жүргізушісінің және жолаушылардың жауаптарымен, оқиға орнын қарап-тексеру нәтижесімен, заттай дәлелдемелермен, сараптама қорытындысымен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді.
Прокурор сотталушы П.-ға ҚК-нің 351-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын және ҚК-нің 293-бабының 1-бөлігімен тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істі қысқартуды сұрады.
Жәбірленушілер сотталушыға кешірім бергендерін және қатаң жаза тағайындамауды сұрады. П. кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
ҚК-нің 351-бабының 2-бөлігінің санкциясы 4 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сот, сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін толық мойындағанын, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін және ауырлататын мән-жайлар ретінде масаң күйінде қылмыстық құқық бұзушылықты жасағанын ескерді.
Сот, П.-ға ҚК-нің 351-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындады, ал 293-бабының 1-бөлігімен тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.