Есірткіге тәуелділердің 97 пайызы 3-4 жылда өледі

38

Шымкентте «Заң сіз бен бізге ортақ» тақырыбында кездесу өтті. Полиция және прокуратура өкілдері жастармен кездесіп, күрделі тақырыптарды қозғады. Есірткіні тұтыну, тасымалдау және таратудың салдары мен денсаулыққа зияны жөнінде сөз қозғалды. Қадағалаушы орган өкілдеріне студенттер өздерін мазалаған сауалдарын жолдады. Ал жауаптылар бұл сауалдарға не деп үн қатты? 

Заң — сіз бен бізге ортақ! Үшінші мегаполистің құқық қорғау саласының қызметкерлері осы тақырып аясында жастармен кездесті. Онда есірткінің зияны мен адам өміріне қаупі, денсаулыққа әсері туралы айтылды. Погондылар іс-шара мақсаты – жастардың құқықтық сауатын арттыру, оларды заң алдында жауапкершілікке және салауатты өмір салтына баулу екенін айтты.

Бауыржан Карбеков, Шымкент қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі: «Жастарымыздың нашақорлыққа жол бермеуі салауатты өмір салтын ұстануы мақсатында осы іс-шараны өткізіп жатырмыз. Тек қана полиция қызметкерлері ғана емес қалалық прокуратура қызметкерлерімен бірлесе ұйымдастырылған іс-шара. Мақсаты – есірткінің, нашақорлықтың зияны жөнінде, оның қандай салдарға алып келетінін, себебін, барлығын жеткізіп жатырмыз».

Есірткі тұтыну адам денсаулығына ауыр зардаптар әкеледі. Алғашқы белгілері — есте сақтау қабілетінің төмендеуі, өз-өзіне есеп беруден қалып, денесін басқара алмау. Салдары — шизофренияға, өкпе обырына алып келуі мүмкін. Сондай-ақ, есірткі тұтынған адам қылмысқа бейім болады дейді қадағалаушы орган өкілдері.

Жандос Досанов, Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма басшысы: «Ауыр және синтетикалық есірткілердің өлімге әкелетін дозасы жүздеген есе аз болады. Психоактивті заттарды тұтынатын адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 25 жыл болып табылады. Есірткіге тәуелді адамдардың 97 пайызы 3-4 жыл ішінде өледі. Тіпті ең жеңіл марихуананы шеге бастағаннан кейін екі ай ішінде денесінде, әсіресе жүйке жүйесінде көптеген жағымсыз өзгерістер пайда болады».

Іс-шараға белсенді атсалысып отырған студенттер құқық қорғаушыларға өздерін мазалаған сауалдарын қойып, тақырыпты бірге талқылады. Жастар мұндай бағыттағы іс-шаралардың өте қажет екенін айтады.

Балнұр Қадыр,  студент: «Бізге зиянды жақтарын барынша жеткізген сайын, осындай жиналыстарды көбірек өткізсе, санамызға кіреді ғой, сондықтан біз осындай жиналыстарға көп қатысамыз. Зиянды жақтары көп болғандықтан біз оны қолдамаймыз, қарсы тұрамыз. Жастарды жаққа тартамыз».

Ұйымдастырушылар «Заң сіз бен бізге ортақ!» іс-шарасы алдағы уақытта да жалғасын табады деп отыр.

Гүлдана Сейдрасул