Шымкентте футболшылардың жас буыны жарысының қорытынды турнирі яғни «Базар жастар лигасы» өтті. Ауқымды жүлде қоры қаралған жарысқа қала бойынша 160 жас қатысты. 14 пен 18 жастағы футболдағы маңызды этаптардың біріндегі жас аяқдопшылар үшін бұл турнир өздерін көрсетуге зор мүмкіндік. Себебі мұндағы тәжірибемен толысқан жастар әрмен қарай шетелге немесе елдегі мықты академияларға іріктеуге барады екен.
Әсет Жанайдар бұл турнирге өз командасын бастап келген. Олар финалға дейін мүдірмей жеңгенімен, қарсыластарының осал болмағанын айтады. Себебі бұл турнир трамплин кезеңі екен. Осы жастағы жеткіншектер өздерін көрсетіп, әрмен қарай кәсіби клубтардың академияларына өте алады. Әсеттің өзі ең алдымен шетелде бақ сынасам дейді. Оның жоспарында келесі жылы Испания, Германия елдеріне барып, іріктеуден өту тұр. Нәтижесінде шетелдің академиясына түсіп, жарқын болашаққа аяқ басқысы келеді.
Әсет Жанайдар, «Olympic» командасының капитаны: «Осы уақытқа дейін көптеген турнирлерге қатыстық. Менің өзімнің қатысып жүргеніме 3 жыл болды. Осы уақытқа дейін көптеген турнирлерге қатысып, жеңіске жетіп жүрміз. Мен өзім 11 жастан футболмен айналысамын. 2020 жылдан бері, коронавирус кезінде ең алғаш футболға қызығып бастадым. Сол кезде әкем мені футболға берген».
Қаз-қатар тізілген велосипедтер Шымкентте өткен кіші футболдан жастар турнирінің толық жүлде қоры емес, оның жәй ғана бір бөлігі. Бұл екі дөңгелекті тізбек үшінші орын алған команда мүшесінің әр қайсысына бір-бірлеп бұйырады. Ал финалдың жүлделеріне бірінші орынға 10 дана планшет, екінші орынға 10 дана смартфон беріледі. Ұйымдастырушылар, мұндай ауқымды турнирді жылына бір рет жас буынның маңызды этаптан зор серпіліспен өтуіне арнайы өткізеді.
Аружан Әлжан, Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары: «Бұндай сыйлықтармен ынталандырудың арқасында алдағы таңда, болашақтары жарқын әрі нық болады деген сенімдеміз. Бізде болып тұрады, бұл 3 ай сайын не болмаса жылына 2 рет болып тұрады. Бірақ дегенмен де, ол кезде сыйлықтары бұдан қарағанда төмендеу болады. Ал бұндай жоғары сыйлықтармен Базар жастар лигасын жылына бір рет өткіземіз».
«Базар жастар лигасы» атты турнирге 16 команда, жалпы есепте 160 жас балалар қатысты. 14 жас пен 18 жас аралығындағы жас ерекшелікте өткен жүлде қоры ауқымды турнирді бапкерлер жылына бірнеше рет өткізсе екен, дейді. Мұнымен балалардың мансабы қалыптаса бастап, үлкен футболға үлес қосады екен. Мәселен, осы «Достар» академиясы оңтүстіктегі ірі кәсіби клубтар «Ордабасы», «Оңтүстік» клубтарының академиясына өз түлектерін дайындайды. Осы арқылы жас өрендер Қазақстанның бірінші және екінші лигаларында доп теуіп, кәсіби деңгейге беттейді.
Медет Құдайбергенов, Достар академиясының бапкері: «Бұл біздің жастарымызға, жас балаларға өте жақсы тәжірибе. Өте жақсы практика болады. Болашақта өсуіне, өздеріне мансабын құруға өте үлкен мүмкіндік. Шетелдегі іріктеулерге жоқ, әлі оған шынымызды айтсақ жоқ. Болашақта әрине мақсатта бар, оған енді қаражат керек».
Көрермендердің айтуынша 2 күнге жалғасқан турнир тартысқа толы болған. Оған басты себеп жақсы марапаттар екен. Айта кетейік, жарыс жүлдегелерлерінен бөлек жастарды ынталандыру мақсатында арнайы номинациялар бойынша дипломдар да табысталды. Ал жарыс жеңімпазы Алаш қырандары командасы атанды. Екінші орынды Олимпик командасы иеленсе, жүлделі үшінші орынды Достар командасы жеңіп алды. Енді Шымкентте алдағы уақытта осыған ұқсас турнирлерді өткізіп тұру жоспарда бар.