Көкпар ойынын ойнаудың ережелері талқыланды

22
фото МАӘБҚ

 

 

Қазақ халқының көне замандардан келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының бірі көкпар халық арасында үлкен құрметке ие болғаны соншалықты жыл сайын ресми жарыстардан өзге ұйымдар, жекелеген азаматтардың ұйымдастыруларымен де ойындар өткізіліп, мыңдаған көреремендерді қамтуда.

Қазақтың атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық ойыны – көкпар Мақтаарал ауданында да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Осы орайда, аталған іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қоғамдық тәртіпті сақтай отырып, ойынның бекітілген ереже бойынша өткізілуіне айрықша назар аудару қажет.

Өткен аптада тап осы тақырыпты кеңінен талқылау мақсатында Мақтаарал аудан әкімі аппаратында арнайы жиын өтті.  Аудан әкімі Б.Асановтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауданның Ұлттық ат спорты және көкпар федерациясының қоғамдық берлістігінің төрағасы М.Үсіпбеков пен федерацияның мүшелері, ауылдық округ әкімдері, аудандық полиция бөлімінің мамандары, спорт саласына жауапты басшылар мен мамандар қатысты.

«Бұдан кейін көкпар ойындарын өткізу барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық полиция бөліміне және жергілікті атқарушы органдарға міндетті түрде хабарлама берілуі тиіс. Сондай-ақ, республика аумағында тыйым салынған ұйымдардың насихат алаңдарына айналуына жол бермеу, бұл мақсатта федерация тарапынан төрешілерге қатаң ескертілуі керек» — деді, Бақыт Насырханұлы.

Көкпардың сапалы әрі әділ өтуін бақылауға алу, ойында құқық бұзушылықтарға жол бермеу, «тойбасшылар» тарапынан елдің ауыз біршілігін, ұлттың құндылықтары мен салт-дәстүрлерін насихаттау бойынша да мәселелер қаралып, ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар, жиында демеушілерді тарта отырып ауданнан арнайы атшабар құрылысын бастау мәселесі де талқыланды.

Жиын соңында аудан басшысы талқыланған мәселелер мен ұсыныстарды, оның ішінде көкпар ойындарын өткізудің ережесін аудан тұрғындарына кеңінен насихаттау жөнінде тапсырмалар берді.