«Күмәнді көмек»: Қайырымдылық қорлары кімге есеп береді?

24
фото Отырар.кз

 

Biz Birgemiz Qazaqstan қорындағы қаражаттың қолды болу дерегінен кейін қоғам белсенділері азаматтардың қайырымдылық қорларына және волонтерлік бірлестіктерге деген сенімін жоғалтуы мүмкін. Себебі қазір халық арасында, мұндай қорлар кімдерге есеп береді және көмектің нақты мұқтаж адамға жететінін кім қадағалайды деген сауал көптеп қойыла бастады.

Шымкент қаласындағы “Добряки Шымкента” қорының волонтерлері жұмысында ашықтық пен нақтылықтың маңызды екенін айтады. Олар онкологиялық, генетикалық аурулары бар, сондай-ақ ағза алмастыруды қажет ететін, жалпы жәрдемге мұқтаж балаларға көмек қолын созады. Олар өздерінің барлық атқарып жатқан игі істерін әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялап отырады. Онда әрбір қайырымдылыққа берілген ақшаның қайда жұмсалғаны туралы есеп беріледі.

Валерия Буланова, “Добряки Шымкента” қорының волонтері: «Әрбір қор мен ұйымды тексеруге болады. Сіз Қазақстанның контрагенттеріне арналған ресми сайтта Бизнес сәйкестендіру номері бойынша төлемдерді тексере аласыз. Бізге қатысты да солай. “Добряки Шымкента” деп қордың атауын терсеңіз , бізде бар төлемдерді тексеруге мүмкіндік болады».

Заңгер Сергей Уткин елден қаржы жинайтын қорлар үшін жария есеп беру — заңды міндеттілік екенін атап өтті. Қорлар өздерінің қызметі туралы ақпаратты әлеуметтік желіде немесе басылымдарда жариялауға міндетті. Алайда, қазір қамауда отырған Biz Birgemiz Qazaqstan қорының басшысы, қоғамдық бірлестікті басқарған екен. Бұл ұйымның басқа қорлардан айырмашылығы, түскен қаражат туралы есеп беру міндеттелмейді дейді, маман. Ұйым сонымен қатар медиа тұлғалардың суреттерін өз мүдделері үшін пайдаланған көрінеді.

Сергей Уткин, заңгер:«20-жылғы алғашқы жарияланымда президент Токаевтың бейне-ролигін пайдаланған, президент олардың қоры туралы мәдімдеме жасап жатқандай көрсеткен. Бірақ шындығына келгенде ол бейнематериалда ‘Біргеміз’ деп аталатын басқа қор туралы айтқан. Ал олар оны өздеріне байланыстырып көрсеткен, ал басты бетте ‘Біз біргеміз Қазақстан’ қоғамдық қоры деп жазылған, бірақ шындығында олар қоғамдық бірлестік болып табылады».

Көптеген адамдар қайырымдылық қорларына сауап алу мақсатында қаражат аударады, бірақ ол қаражат шынымен де мұқтаж адамға беріліп жатыр ма ол жағын бақылай бермейді. Сарапшылардың айтуынша, қайырымдылық ұйымдарының ассоциациясын құрып, ол ұйымдарға тәуелсіз іріктеу және аудит жүргізуге мүмкіндік беру халықтың едәуір сенімін оятады.

Жәнібек Айғазин, экономист: «Бұл мәселені реттеу артық. Ұйымдар өздерінің өзін-өзі реттейтін ұйымдарын құрады, онда өзара жауапкершілік болады. Егер басқа қайырымдылық ұйымы пайда болса, олар бұл ұйымның барлық талаптарға сай жұмыс істейтініне сенімді болуы керек».

Еске сала кету керек, волонтерлік қозғалыстың белсендісі және Biz Birgemiz Qazaqstan ұйымының негізін қалаушы Перизат Қайрат екі айға қамауға алынды. Ол, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңге және Палестина тұрғындарына көмек ретінде адамдар аударған тағы 200 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілініп отыр.

Шұғыла Ерментай