Шымкентте соңғы жылдары экономикалық ахуал едәуір жақсарып келеді. Қаладағы өндіріс алаңдары толысып, кеңейіп жатқаны сөзімізді растайды. Бүгінде арнайы экономикалық аймақта жаңа 5 ірі жоба іске қосылып жатыр. Арна түсірілім тобы өндіріс орындарына барып, аймақтың мүмкіндіктері мен тың өндірістерін біліп қайтты.
Шымкентте жылына 50 млн. дәптер өндіріп, Қазақстан нарығының 25 пайызын қамтамасыз етуді көздеген жаңа «Dapter Line» кәсіпорыны өз жұмысын бастап кетті. Нарыққа сапамен беттегелі отырған өндіріс орны бұл саладағы ең жақсы саналатын шикізаттан дәптер беттеп жатыр. Қағазды арнайы Ресейдегі ең үлкен қағаз өндіретін компаниядан, ал бояуды Үнді елінен балаларға залалсыз түрінен алдырады екен.
Кәсіпорын құрылтайшысының айтуынша, өндіріс ошағы бүгінде бет көлемі бойынша 12, 36 және 96 беттік дәптер шығаруда. Және сонымен қоса Қазақстандағы басқа кәсіпорындар өндіре бермейтін жазу шебері дәптерін түзуді бастап кеткен. Бұл дәптердің ерекшелігі ақ қағазға арабша тор-көз басылып, қиғашынан түскен сызықтар, баланың жазуына ыңғайлы. Мұндай дәптерлер Қазақстандағы балаларды әдемі жазуға үйрететін орталықтардың басты құралы саналады, дейді өндіріс басшысы.
Қанат Алимбаев, «Dapter Line» кәсіпорнының құрылтайшысы: «Жоспар бойынша 4-5 жылда ақтайды деп ниеттеніп жатырмыз. Жобаға салынған ақшамыз қазіргі таңда 500 млннан асты. Және қазір айналымға тағы бір 500 млн. теңге салайын деп жатырмыз».
Шымкентте соңғы жылдары экономикалық ахуал жақсарып келеді. Мәселен, шағын және орта кәсіпте осыдан 5 жыл бұрын 61 мың субъекті болса, бүгінде екі еселенген. Ал инвестиция тарту көлемі үш есеге артып, қазір 660 млрдты құрап отыр. Мұндай өсу қарқыны жауапты басқарма өкілдерінің сөзінше мемлекет тарапынан қарастырылған жағдайлардың тиімділігінен де болып отыр.
Бүгінде 60 жобаға шақталған қалалық арнайы экономикалық аймақта 40 жоба өндіріспен толыққан. Мұнда инфрақұрылыммен қамтылған дайын жер учаскесі, салықтық жеңілдіктіктер және шетелдік жұмыс күшін тарту сынды көмектер кәсіпкерлерге қолдау болады екен. Осыған байланысты аймақ жобалары уақытынан ерте толу үстінде. Сондықтан алдағы жылдарға экономикалық аймақты кеңейту жұмыстары қолға алынған. Жалпы Шымкентте 7 өндірістік алаң болса, оған 1600 гектарды құрайтын 5 өндіріс аймағын қосуда тағы жоспарланып жатыр.
Ермек Тұрманов, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының орынбасары: «Жалпы арнайы экономикалық аймақтың негізгі мақсаты мынау енді дамып келе жатқан өндіріс орындарын әрі қарай ынталандырып, әрі қарай да дамыту. Жалпы енді биылғы жылы, 8.2 млрд. теңгеге 5 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде қазіргі таңда 500 млн. теңгеге 2 жоба іске қосылды».
Арнайы экономикалық аймақта «EKOHIM» дизелді генератор өндірушіде қарқынды жұмысқа кірісіп кеткен. 20 квт мен 1000 квт арасындағы тоқ шығарушы аппараттарды өндіретін кәсіпорын бүгінде шетелдермен келісімшарт құрып та үлгеріпті. Мектеп, аурухана және арнайы орындарға арналған тоқ беруші әуелі тексерістен өтіп, содан соң кепілдікпен орналастырылады. Мұндай тың жоба Қазақстанда бұған дейін біреу болыпты. Енді оның саны екіге жетті және екеуі де Шымқалада.
Бекболат Әдешов, «EKOHIM» кәсіпорнының құрылтайшысы: «Алдымызда жоспарлар тұр. Бұйырса, ендігі жылы бір 300-350 — ге дейін 400 — ге дейін барады деп күтілуде. Үйретуге жастарды алып жатырмыз, 5 жұмысшымыз бар. Көбіне бізде жастар алынып жатыр. Неге десеңіз, Қытайға арнайы үйренуге жібереміз».
Арнайы экономикалық аймақта жыл соңына дейін толық аяққа тұратын тағы 3 жоба бар. Олар минералды тыңайтқыштар өндіретін, салфетка шығаратын және жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс ошақтары.