Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында М.-ға қатысты қылмыстық іс аяқталды. М. ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (алаяқтық, яғни өзінің қызмет бабын пайдалана отырып бөтеннің мүлкін алдау жолымен аса ірі мөлшерде иемдену) айыпталған.
М., Қытай Халық Республикасының азаматы – жәбірленуші Х.-ның сеніміне кіріп, оған бірлесіп отыра бизнес жасаймыз деп, алдап айтып жәбірленушінің аса ірі көлемде 537 080 505 теңге қаражатын жымқырған. Сонымен қатар, жәбірленуші А.-ның сеніміне кіріп, сондай-ақ, алдау арқылы аса ірі көлемде 50 000 000 теңге қаражатын жымқырған.
Сотталушының кінәсі өзінің, жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді. Прокурор М.-ға 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленушілер сотталушыға қатаң жаза тағайындауды және талап арыздарды қанағаттандыруды сұрады. М. тағылған айыпты мойындамай, қылмыс құрамының болмауына байланысты соттан ақтау үкімін шығаруды сұрады.
Сот М.-ға жаза тағайындауда қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын, сонымен қатар, сотталушының жасаған іс-әрекеттеріне өкініш білдірмегенін және қылмыспен келген шығынның өтелмегенің ескерді.
Сот М.-ны ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Іс бойынша талап арыздар қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.