Шымкентте тазалық акциясы жыл соңына дейін жалғасады

20

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық жұмыстары әр апта сайын жүйелі ұйымдастырылуда. Бұл жолы қалаға қарасты бес ауданда  абаттандыру шаралары жүргізілді. Тазалық акциясы жыл соңына дейін тұрақты жалғасады. Әкімдіктегілер мұндай шаралар арқылы тұрғындардың тазалықты сақтауға және тазалықты жүргізуге белсенділігі артады деп отыр. 

Әл-Фараби ауданына қарасты Забадам шағынауданында таңмен таласа тазалық жұмыстары басталған. Себебі «Таза Қазақстан» акциясы аясында қаланың тазалығын арттыру негізгі мақсат. Осыған байланысты Бекзат Саттарханов көшесін бетке алған тазалық қызметкерлері жол жиегін толық тазартатын болады.

«Таза Қазақстан» акциясының ерекшелігі қала тазалығына жауапты орындардан бөлек, назардан тыс қалып кететін орындарда тазалық жұмыстарын жүргізу. Жәй тазалық емес, күрделі тазалау. Мәселен, осы көшенің тұрғыны Нәжіп Нәбиев бұған дейін коммуналшылар көзге көрінер қоқыстарды ғана жинайтынын айтады. Ал мұндай тазалық шарасын бірінші рет көріп, ризашылығын білдірді.

Нәжіп Нәбиев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қоқыс тастамау мәселесі айтылу керек. Біз айтамыз да, айтып та келе жатырмыз. Енді балалар болғаннан кейін не десем, жас балалар, олар тастап кете береді, көрмейсің, байқамайсың. Қолындағы қағазын, қоқысын жол бойына лақтыра салады. Тастамасын енді, еңбекті бағалау керек». 

Әл-Фараби ауданындағы Бекзат Саттарханов көшесінің бойын тазалау үшін 15 арнайы техника және 195-тен астам адам жұмылдырылды. Қалың жұмыс тобы аудандағы маңыздың жолдың жиегін бас-аяғына дейін жинап шықты. Жол бойындағы қураған ағаштар кесіліп, асфальттегі артық лай-топырақ, жолдың жиегіндегі қоқыс пен қураған жапырақ толық дерлік тазаланды. 13 жылдан бері қала тазалығында қызмет етіп жүрген қызметкер осы акцияның арты мәдениетке жалғасса екен, дейді.

Мұратбек Телхазиев, «Таза өлке» мекемесінің қызметкері: «Жолдың бойында болғанда осы бордёр, тротуар, жолдың жиегі ғой сол. Иә, соны тазартамыз. Жастарға, әсіресе, қоқыстарын арнайы жәшікке тастасын дейміз. Арнайы жәшіктер бар, соның ішіне тастаса болды». 

Тазалық акциясының екінші кезеңі Абай ауданындағы Самал 3 шағынауданында жалғасты. Мұнда белсенді тіршілікті жүргізіп жатқан тұрғындар тазалық шарасын байқап, бір дестен көмек қолын созған. Тұрақты жүргізіліп жатқан тазалыққа жергілікті тұрғындар бейімделіп қалғандарын айтады. Бұл акция  қала халқының экологиялық мәдениетін қалыптастырғанша жалғасса екен, себебі біз тазалық жасасақ, еліміз таза болады дейді қала тұрғыны.

Нұржан Датқабекұлы, қала тұрғыны: «Жалпы осындай тазалық шараларына бүгінгі таңда апта сайын шығып тұрамыз. Халықтың бәрі өзі үйренген, бейімделген. Барлық нәрсе тазалықтан басталады. Мынау тазалық денсаулық кепілі дейміз. Біз таза болатын болсақ, халқымыз таза болады. Еліміз таза болады. Қазақстанымыз таза болады. Таза Қазақстан үшін әрекет қылайық». 

Жыл басында басталған акция Шымкентте жыл аяғына дейін жүйелі жалғаспақ. Бұл күні шаһардың бес ауданында тазалық шарасы жүзеге асты. Экологиялық акцияны тұрақты жүргізуге ықпал етіп отырған жергілікті әкімдіктегілер қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруды көздеп отыр. Оған қоса қаланың тазалығы да сәт сайын жақсарып келеді.