Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі туралы республикалық лекторийй Шымкентте жалғасты. Ел президентінің тапсырысы бойынша жүзеге асып жатқан жоба үшінші мегаполисте 2 күн қатарынан өтеді. Шараның мақсаты ассамблея мен жергілікті биліктің байланысын күшейтумен қатар, бірліктің сақтығын қамтамасыз ету. Осыған орай, қаладағы жоғары оқу орындарының студенттеріне танымдық лекциялар айтылады.
Телеэкрандағы жастарға теріс бағытты насихаттайтын арзан шоулардың тосқауылы тек өнер. Нағыз өнер арқылы ғана идеология қалыптастыра аламыз. Шымкентте жалғасқан Қазақстан халқы ассамблеясының республикалық лекторийінде Тілектес Мейрамов осылай деп жарқын мәлімдеме жасады. Айталық, бұл шара «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» атты мақалға сай өткізіліп отыр. Бүгінде әлемдік геосаяси ахуал өршіп тұрған сәтте, бірлігімізді бекемдеп, арандатушылыққа жол бермеу – лекторийдің негізгі көздегені.
Тілектес Мейрамов, Қазақстанның Халық әртісі, профессор: «Іштен демей ақ қояйын, бірақ мына сырттан арандатушылар соңғы кездері көбейіп кетті. Әлеуметтік желілердің белсенділігіне байланысты арандатушылық артып отыр. Қазір енді осыған орай біздің алдымызда, әсіресе аға ұрпақтың алдында үлкен міндет, мақсат тұр. Біздің жастарымызды осы бір теріс жолдан қалай сақтап қалсақ екен. Қалай сондай теріс қадамға жеткізбесек екен деген».
Ел президентінің тапсырмасы бойынша Біртұтас қоғам: «Келісім және сенім» жобасы кезекпен еліміздің түрлі аймағында өткізіліп келеді. Бұл жобаның мақсаты ел бірлігінің үлгісін дәріптеу. Және де аймақтық ассамблея бірлестіктері мен жергілікті биліктің қарым-қатынасын арттырып, сүбелі істерді көбейту. Лекторийге қатысқан этнос ұйымдарының басшылары өз бірлестіктерін жинап, осы насихатты тарқатуы міндетті. Ал билік органдары заң аясында халыққа лайықты құрмет көрсету керек.
Лугмар Буларов, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасының орынбасары: «Заң бәріне ортақ. Бүгінгі таңда бейбітшілік және келісім өте маңызға ие. Сондықтан біздің жобаның мақсаты алдымен әділдік және жауапкершіліктен тұрады. Бәрімізге белгілі қоғамдық келісім, бірлік қашан да маңызды. Оны сақтау және дайым жақсарту үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қоса аламыз. Осыған баршаңызды шақырамын!»
Шымкент көпұлтты қала. Мұнда 100 — ден аса ұлт өкілдері тұрады. Өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Аббас Шахмырзаевтың айтуынша Шымкентте этнос бірлестіктері тек өздерінің ғана емес, өзге этностардың да мерекелерін бірге атап өтеді. Мәселен, кәріс мерекесінде өзбек, қазақ, кәріс өкілдері бірлесіп думандатқан. Одан бөлек әр этнос өз құндылықтарын атап өткенде әрдайым қолдау табады екен.
Аббас Шахмырзаев, Өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі: «Иә, бізді шақырады, біз барып, қатысамыз. Басқа елдер бізді шақырады, біз басқа елдерді шақырамыз. Бірлікпен тірлік дейді ғой. Сол бірлік бар жерде тірлік бар болады. Қазақстанымыздың көркейіп, егемендігін күшейту біздің Қазақстан азаматтарының қолында!»
Ұлтараздық алауыздықтар ұлтты танымаудан басталады. Ұлттың қасиетін тану арқылы достық пейіл пайда болады. Аталмыш лекторийде Қазақ тану жобасын баяндаған тарих ғылымдарының докторы Қайрат Анарбаев осылай деп айтты.
Қайрат Анарбаев, Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы ғылыми сарапшылық топтың төраға орынбасары: «Онда қазақ халқының ұлттық құндылықтарына назар салу, ол құндылықтарды жалпы адамзаттық құндылықтармен сабақтастыра тану мәселелері елімізде көптеп жүргізіліп келе жатыр. Ол ұлттар арасындағы қарым-қатынас, татулықты нығайтуға берік негіз бола алады».
Ассамблеяның қоғамдық бірлікті нығайтудағы рөлі атты лекторий Шымкент қаласында 2 күнге жалғасады. Дөңгелек үстелден соң, шаһардағы жоғары оқу орындарының студенттері атап айтсақ, Ө. Жәнібеков және Академиялық инновациялық университет студенттері лекторий тыңдайды.