Шымкентте алқа отырысы дене шынықтыру және спорт саласының өкілдерімен жалғасты. Кеше ғана республика көлемінде бұл салада айтулы өзгерістер орын алған еді. Бұл спорттағы қызметкерлердің көкейінде бірталай сұрақ туғызған. Дегенмен қалалық билік бұл өзгерісті күткендей, біраз қамданып та қойған екен. Шымкент қалалық дене шынықтыру басқармасының ендігі бағыты қандай? Дене белсенділігін қалай көтермек?
Шымкентте спорттық инфрақұрылым ақсап тұр. Мұны қалалық басшылықтың өзі мойындады. Салынып жатқан тиісті нысандардың өзі қажетті сұранысты жаба алмайды. Осы мәселені шешу үшін арнайы дене шынықтыруды дамыту дирекциясы құрылған.
Олар мектептегі кейбір бос спорт залдарды спортпен тұрақты айналысатын ұйымдарға қарастырып беруге міндетті. Ал спорт залдары құрылысты қажет ететін немесе спорт залдары жоқ мектептерге көмек қолын созып, қалыпты жағдай жасау да олардың құзіретіндегі дүние екен. Бұл мәлімет қалалық футзал командасының залға жарымай сұрау жолдаған алқа отырысында мәлім болды.
Бұқаралық спорт деген сөз тіркесі әлемде тек 3 елде ғана қолданылады екен. Соның бірі Қазақстандағы бұл ұран сан жылдар бойы нақ көпшілік спортын көлеңкелеп келген. Бұл республикалық маңызды мәселеге заңда бүгінде жоба қаралып жатса, қалалық әкімдік мұны ерте ескерген. Және жауапты орган құрып, тиісті тапсырмалар жүктеген. Дегенмен қала әкімнің орынбасары Дене шынықтыруды дамыту дирекциясының есебіне көңілі толмай, сынға алды.
Айталық, спорт министірлігінің қарамағындағы спорттық шараларға көп ден қоймай, көңілді жалпы халықтық дене белсенділігіне бөліп, осы бағыттағы шараларды көбейту керектігін кесіп айтты. Бүгінде қаланың 4 саябағында таңертеңгілік жаттығулар жүргізіледі екен. Онда арнайы бапкерлер нұсқаулығымен қала тұрғындары жаппай жаттыға алады.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Өкініштісі, біздің осыған дейінгі саясатымыз Дене шынықтыру және спорт саласындағы, ол тек жоғары жетістіктер спортын дамытуға бағытталып келді. Біздің қаламызда дене шынықтыруды дамыту орталығы болған жоқ осыған дейін. Бірінші кезекте біз еліміздің тұрғындары арасында дене шынықтыруды дамытуымыз керек».
Қазақстанда бұқаралық спорттың 180 түрі болған. Тиімсіздікке байланысты жаппай спорттың көбін қысқартып, 60 түрі ғана қалып отыр. Шымкентте осы уақытқа дейін спорттың 74 түрі дамып келсе, енді біразы қысқартылады екен. Бұл жәйт ұқсас спорт мамандарын бір-біріне қосу процессімен орын алады. Енді бұдан былай басымдық олимпиадалық бағыттағы спорт түрлеріне беріледі.
Маратбек Мықтыбеков, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Бізде, айтар болсақ, кикбокстан, сол кикбокс бөлімінен осы бокс бөліміне өткен жаттықтырушылар, спортшылар бар. Жалпы Қазақстанда 180 спорт түрі болатын болса, соны 60 спорт түріне қысқартамыз деп, сол бойынша енді ары қарай рет-ретімен әр спорт түрін, ұқсас спортты олимпиада түрлеріне қосуға ұсыныс береміз».
Сәрсен Құранбек алқа отырысында мектептерді бақылауға алу керектігіне ерекше тоқталды. Себебі жалпы халықтың дене белсенділігі 5 категориядан тұрады. Соның ауқымды бөлігі мектепте. Әкім орынбасарының сөзінше мектептерде дене шынықтыруға салғырт қарайды. Ұстазынан бастап, шәкіртіне дейін. Бұл мәселенің шешімі дұрыс методикалық қызмет ұсыну екен. Мұны жүзеге асыру қалалық дене шынықтыру басқармасына арнайы тапсырылды. Шымкент осы дене белсенділігіне байланысты үлкен мәселені бірінші болып шешсін деді, әкім орынбасары қорытынды сөзінде.