«Таза Қазақстан» акциясы аясында 3000-нан астам ағаш егілді

27

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясында 3000-нан астам ағаш егілді. Игі шараға қалалық мекеме қызметкерлері мен қоғам белсенділері қатысты. Олар көшелерді абаттандырып, көпшілік тынығатын орынның жасыл желекпен көмкерілуіне үлес қосты.

Сенбінің таңын бұл азаматтар көшет отырғызумен бастады. Мұнда коммуналдық қызметкерлермен қатар, қала тұрғындары да бар. Соның бірі — Бекнұр Абдулла. Мектеп оқушысы 12 түп ағаш егіп, Шымқаланың тазалығына үлесін қосты.

Бекнұр Абдулла, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз қаланы тазарту үшін осы сенбілікке шықтық. Қаламыз көркейіп, қоқыс болмасын деп келдік. Сол үшін ағаш егіп, қоқыстарды жинап жатырмыз»

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Қазығұрт шағынауданында 1500 түп ағаш отырғызылды. Егілген көшеттер күздік маусымға арналған айлант, үйеңкі және ерен талдары дейді жауаптылар.

Берік Әшірбеков, Тұран ауданының әкімі: «Ал жалпы Тұран ауданы бойынша 3500 көшет отырғызу жоспарда бар. Әр елдімекендерде: Құрсай, Ақжар, Жаңаталап, қаланың ішіндегі көпқабатты тұрғын үйлерде де есік алдына тал егу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда барлық аудан бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Барлығын бақылап, қарап, халықпен бірге жұмыс жасап жатырмыз»

Қаламыздағы жасыл желек санын көбейту шарасына қала әкімі де атсалысты. Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби көшесіндегі ағаш отырғызу шарасына қатысып, көшет егудің болашаққа қосқан зор үлес екенін айтты.

Айта кетсек, Әл-Фараби көшесін абаттандыру және көгалдандыру аясында қараша айының соңына дейін 16 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр деді мегаполис басшысы.