Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалу барысы талқыланды. Облыс әкімі жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсауды тапсырды. Жалпы бағдарлама аясындағы жобаларды іске асыруға қанша қаражат қаралды?
Түркістан облысында «Ауыл–Ел бесігі» бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыруға 29,5 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға 182 елді мекенде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі дейді жауаптылар. Олардың арасында өтпелі нысандар да бар көрінеді.
Қанат Қайыпбек, Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Жалпы қаралған қаржының ішінде 11,1 млрд республикалық бюджет. 15 млрд жуық қаржы жалпы сипатта транспорттан бөлінген. Ал қалған қаржы облыстық бюджеттен қоса қаржыландыру ретінде қарастырылған қаржылар»
Жиында өңір басшысы Дархан Сатыбалды құрылысы кешеуілдеген нысандар тіркелген аудан, қала әкімдерінің түсіндірмесін тыңдап, сын-ескертпе айтты. Сондай ақ, жұмысты жандандырып, мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсауды тапсырды.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Ауыл – Ел бесігі» жобасын сапалы жүзеге асыру керек. Бұл жоба елді мекендердің инфрақұрылымы мен тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына тікелей әсер етеді. Сондықтан аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшылары бірлесіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуі тиіс. Қаржы уақтылы игеріліп, құрылыс өз мерзімінде аяқталуы қажет. Қаржы бар, ауа райы қолайлы, жұмысты жалғастырыңыздар»
Айта кетсек, бүгінде 27 жоба пайдалануға қабылданған. Ал, жыл соңына дейін 152 жобаны тапсыру жоспарланған деді жауаптылар.