Түркістанда маңызы бар жолдар толықтай дерлік жақсарады

18

 

Түркістанда жыл соңына дейін облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Осыған байланысты биыл саланы дамытуға бюджеттен 41,4 млрд теңге бөлінген.

Айта кетейік, биыл жол сапасын тексеру қызметі енгізіліп, өңірде «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» жұмысқан кіріскен еді. Нәтижесінде 642 сынама алынып, 96 сынаманың қорытындысы бойынша жұмыстың талаптарға сәйкес келмегені анықталды. Кемшіліктерге жол берген мердігерлер мен қадағалаушы мекемелерге 120- ға жуық ескертулер жасалып, 7,3 млн. теңге айыппұл салынды. Сапасыз салынған 8100 м2 асфальт жабыны сүріліп, қайта төселді.

Қуатжан Жұматаев, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдарының басқармасының басшысы: «Жылдың қорытындысымен 159 нысан пайдалануға беріледі, яғни 560 шақырым. Жалпы құны 17 млрдты құрап отыр бүгінгі таңда. Оны атап айтатын болсақ, облыстық маңызы бар жолдарда 20 нысан бітеді толығымен. Ал ауылды елдімекендер мен аудандық маңызы бар жолдарда 139 нысанның құрылысы аяқталады, ол 365 шақырымды құрап отыр».

Бүгінде облыста 1061,3 шақырым жол жөндеуден өткен. Сонымен қатар жыл соңына дейін 560 шақырым жол пайдалануға берілмек. Айта кетейік, облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17700 шақырымды құрайды. Осынау жолдардағы түйіткілдер өңір басшысының төрағалығымен өткен жиналыста айтылып, аталған бағыт бойынша жауапты басқармаға бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Әділет Әнуар