Түлкібас ауданының тұрғыны Ұлы Отан соғысы уақытында айырылған туысының сүйегін тапты. Соғыста ерен еңбек көрсетіп, қаза болған сарбаз Польшада жерленіпті. Байсерік Төрембековтен 1945 жылы соңғы рет хабар үзілген. Ең құрығанда сүйегін тапсам екен деген батырдың інісі осы уақыт бойы іздеуді тоқтатпаған.
Састөбе кентінің тұрғыны соғыс кезінде айырылған туысының сүйегін тапты. Батырдың денесі Польшаның Браньева қаласында жерленіпті. 17 жасында соғысқа аттанған жас сарбаз 1945 жылы қайтыс болған. Алайда осы уақытқа дейін туыстары қанша іздесе де, батырдың қайда қайтыс болғанын, сүйегі қайда жерленгенін анықтай алмапты.
Бейсенбек Шылмурзаев, Састөбе кентінің тұрғыны: «1942 жылы 5-ші майда кеткен соғысқа 17 жасында. 1945 жылы 3 ақпанда қайтыс болған батыр болып, бөлім батыры болған деп келді маған архивтан. Ол менің анамның жалғыз інісі басқа ешкімі болмаған, жалғыз інісі, іздеуші мен. Москва жақтан кетті, Польшамен Германияға жеткен жерде қайтыс болды. Екі айға қалғанда соғыс бітуге, герой болып қайтыс болды».
Байсерік Түрембеков 1942 жылы 5 мамырда майданға аттанған. Қостанайда әскери білім алып, артиллерист болған сарбаз, соғысқа өз еркімен кеткен. Іздестіру жұмыстары өте ұзаққа созылды дейді туыстары.
Есімхан Лесбай, Састөбе кентінің тұрғыны: «Қаладан 3 км-дей екен. 31 мың адамның үстінде жатқан жері. Ол жерде Россиядан, Украинадан кеп жатқандар өте көп, іздеп-тауып. Сосын біз іздестірдік. Бұл кісі Шымкенттен шақырылған кезде Қостанайға барған ғой. Сол жерде Хамит деген жігіт болған, екеуі артиллерияда болып, соғысқа аттанып қайтыс болған. Екеуі бір жерде жатыр».
Бейсенбек Шылмұрзаев көмек іздеп, алдымен ауданға, Шымкент архивіне, қорғаныс министрлігіне жазған. Ешқандай мардымды жауап болмаған соң, Совет одағының архивіне хабарласқан. Олар хатты Польшаға жолдапты. Жерленген жері анықталған соң, сонда бару үшін де көмек сұраған. Бірақ бұл өтінішке тек ауыл әкімі ғана құлақ асыпты.
Серік Меңдібаев, Састөбе кентіндегі ақсақалдар алқасының төрағасы: «Өз отаны бөгеннен топырақ алдық. Анализден өткіздік. Сол жақта бейіттің басында құран оқып, топырағын салдық. Ол жақтан алып, қайтадан өткізіп, топырақ әкеліп, осындай қойып, құдайы істедік».
Айта кетейік, ІІ Дүниежүзілік соғысқа аттанған 271 мың отандасымыз із-түзсіз жоғалыпты. Бүгінде оларды іздестіру жұмысы қолға алынған.
Гүлдана Сейдрасул